Жақында Sotheby’s аукционында салмағы 24,5 килограмм тартатын, Марстан келген ең ірі метеорит сынығы 5,3 миллион долларға сатылып, метеориттер арасында жаңа рекорд орнатты, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
NWA 16788 деп аталатын ерекше тас үшін онлайн және телефон арқылы қатысқан аукционда қызу сауда жүріп, 15 минут бойы жалғасты.
– Ғажайып тас Марс беткейінен ажырап, Жерге жеткен, – деп атап өтті Sotheby’s аукционының ғылыми және табиғи тарих бөлімінің жетекшісі Кассандра Хаттон.
Метеорит сынығын 2023 жылдың қараша айында Нигердегі Агадез аймағында, Сахара шөлінің терең түкпірінен метеорит іздеуші аңшы тапқан болатын.
– Жергілікті тұрғындар бұл тастың ерекше екенін бірден байқаған. Бірақ оның шын мәнінде Марстан келгені зертханада дәлелденгенде ғана белгілі болды. Зерттеу нәтижесі қолымызға тигенде бәріміз таң қалдық. Ол тек Марстан ғана емес, Жер бетіндегі ең ірі Марс тасы екені анықталды, – деді Хаттон.
Ғалымдардың пайымдауынша, шамамен 5 миллион жыл бұрын Марсқа астероид немесе комета құлаған. Соққының күшті болғаны соншалықты, тас сынықтары ғарыш кеңістігіне ұшып кетіп, 140 миллион миль қашықтықты артқа тастап, Жерге жеткен.
– Оның Жер атмосферасынан өтіп, шөлдің ортасына құлауының өзі үлкен сәттілік. Егер мұхиттың ортасына түссе, біз оны ешқашан таба алмас едік. Оның үстіне бұл тасты танып-білетін адамның тауып алғаны да ерекше жағдай, – дейді маман.
NWA 16788 тасының ерекшелігі оның қызғылт түсі мен Жер атмосферасынан өткен кезде пайда болған күйік іздері. Қазіргі таңда Жер бетінде ресми түрде мойындалған шамамен 400-дей Марс метеориті бар. Бірақ NWA 16788 солардың арасындағы ең үлкені әрі бағалысы саналады.
Марстан келген бұл сирек жәдігердің осындай рекордтық бағаға сатылуы ғылымға қызығушылық танытатын адамдардың қатары артып келе жатқанын көрсетеді. Сондай-ақ, ол ғалымдарға Марсты және жалпы ғарыш әлемін зерттеуге үлкен мүмкіндік ашуы мүмкін.
Ғалымдардың соңғы онжылдықта жүргізген зерттеулері атмосферадағы көмірқышқыл газының (CO₂) артуы мен жаһандық жылынудың бірлескен әсері топырақтағы фосфордың қолжетімділігін едәуір төмендететінін анықтады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

