Астана мен Мәскеудің экономикалық байланысы күн санап күшейіп, энергетика саласындағы ірі жобалар жемісін бере бастады. Елордаға тартылатын «Ишим–Астана» магистральды газ құбыры үш-төрт іске қосылмақ. Бұл туралы Қазақстанның Ресейдегі елшісі Дәурен Абаев мәлім етті деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
«Газпроммен» жүргізетін стратегиялық газ құбыры Қазақстанның солтүстік өңірлерін газбен қамтымақ. Елшінің айтуынша, «Ишим–Астана» жобасы өнеркәсіптің дамуына, инвест ахуалдың жақсаруына және қазақтардың өмір сапасын арттыруға тікелей ықпал етпек.
«Қазақстан Ресей газын Өзбекстанға тасымалдап транзиттік әлеуетін арттырып жатыр. Еліміз энергі хабқа айналу арқылы аймақтағы ықпалын да күшейте түспек», — дейді елші.
Тағы бір маңызды сала…
атом энергетикасы. Қазақстанда алғашқы АЭС-ті салу бойынша құрылған консорциум көшбасшысы ретінде «Росатом» таңдалған-ды. Құрылыс Балқаш көлінің маңында қарқынды жүріп жатыр екен. Абаевтың сөзінше, жоба Қазақстанның энергетикалық тәуелсіздігі мен өнеркәсіптік модернизациясын жаңа деңгейге көтереді-мыс.
Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда-саттық та рекордтық көрсеткішке тақап қалған. 2025 жылы екі ел арасындағы есеп айырысудың 95 пайызы ұлттық валюталарда жасалып, жалпы сауда айналымы 12 триллион теңгеге ($24,1 млрд) жеткен.
Кремль Қазақстанның ең ірі импортері, жалпы тауар айналымы бойынша екінші, экспорт бойынша үшінші орында тұр.
Астана мен Мәскеу бірлескен кәсіпорындарды көбейтіп жатыр
Өнеркәсіптік ынтымақтастық қарқынды түрде дамып, өткен жылы жалпы құны 616 млн долларлық 14 бірлескен жоба іске асырылған. Бүгінде екі елдің инвест портфелі 57 млрд долларға жуық 175 бірлескен жобадан тұрады. Жобалар энергетика, өнеркәсіп, инфрақұрылым және жоғары технология сияқты салаларды қамтиды.
Идеология да шет қалмаған
Биыл екі ел мәдени байланыстарға да ерекше назар аударылмақ. Мәскеуде Қазақ мәдени-ақпараттық орталығы ашылып, Қазақстанда Ресейдің мәдениет күндері өтеді.
«Қазақстан мен Ресей арасындағы байланыс стратегиялық деңгейге көтерілді. Президент Тоқаевтың Мәскеуге жасаған үш сапары барысында тарихи мәні «Жан-жақты стратегиялық серіктестік пен одақтастық туралы декларация» қабылданды», — дейді Абаев.
Елші екі мемлекеттің экономикалық, мәдени және энергетикалық саладағы бірлескен жобаларының болашағы зор екеніне сенімді.
Ал қазақстандық кәсіпкерлер басқаша сөйлеп отыр. Олардың айтуынша, Кремль Қазақстанда тауар өткізетін базарға айналдырып алған.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

