Астанада Дәулет пен Толқын Тотақановтарға қатысты сот отырысында тараптар жарыссөзі басталды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Ерлі-зайыпты Тотақановтар ауыр науқасқа шалдыққан ұлдарының еміне қаржы жинаймыз деген желеумен әлеуметтік желілер арқылы 1,5 млрд теңге жымқырды деп айыпталуда.
Прокурор Ақтөре Берікұлы айыптаушылардың кінәсі толық дәлелденгенін алға тартып, соттан оларға бас бостандығынан айыру жазасын кесуді сұрады.
Тергеу қорытындысына сәйкес, ерлі-зайыптылар ұлдары Әлішердің атымен желіде парақша ашып, Түркиядағы ем-домға деп халықтан көмек сұраған. Алғашқыда қажетті қаржы 50 миллион теңге деп көрсетілгенімен, төрт жыл ішінде түскен қаражат көлемі 1,5 миллиард теңгеге жеткен.
Тергеу материалдарында айыпталушылар бұл қаражаттың 481 миллионын әлеуметтік желідегі жарнама мен видеороликтерді ілгерілетуге жұмсағаны айтылған.
Бұдан бөлек, 345 миллион теңге қарыздарын өтеуге кеткен, тағы 110 миллион теңгеге жылжымайтын мүлік пен қымбат брендтік киім-кешектер сатып алынған. Сонымен қатар, 10 миллион теңгеге жуық ақша букмекерлік ставкалар мен құмар ойындарға шығындалғаны анықталған.
Жеті жыл, аз ба, көп пе?
Мемлекеттік айыптаушының соттан сұраған жазасы бойынша Толқын Тотақанова 7 жылға бас бостандығынан айырылып, қайырымдылық пен қаржы жинауға қатысты қызметпен айналысуына 10 жылға тыйым салынады. Сонымен қатар, оның барлық мүлкі тәркіленеді. Дегенмен прокурор оның кішкентай баласының бар екенін ескеріп, жазаны өтеу мерзімін екі жылға шегеруді сұрады.
Дәулет Тотақановқа да дәл осындай жаза ұсынылды. Бірақ оның қазіргі үйқамақтағы шарасын дереу қамауға ауыстырып, сот залынан тұтқындауды талап етті.
Адвокат Азамат Бәйкенов айыптауларды жоққа шығарды. Оның айтуынша, баланың денсаулығына байланысты отбасы үлкен көлемде қарызға кіргендіктен, жиналған ақша алдымен соны жабуға жұмсалған. Сондай-ақ қорғаушы тергеу тарапы жылжымайтын мүліктің дәл осы жиналған қаражатқа алынғанын нақты дәлелдей алмағанын атап өтті.
Бұған дейін біз атышулы Перизат Қайраттың «перғауын» дәулеті туралы егжей-тегжейлі жазған едік.

