Конституцияда дін мен мемлекеттің ара-жігін айқындау қажет деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Бұл туралы Конституциялық комиссияның алғашқы отырысында Қазақстан заңгерлер одағының төрағасы Серік Ақылбай мәлімдеді. Оның пікірінше, мемлекеттің барлық діни бірлестіктерге бейтарап ұстанымда болуы қоғамдық келісімнің, тұрақтылықтың және мемлекеттік институттарға деген сенімнің кепілі.
Заңгер Конституция елдегі ең жоғарғы құқықтық акт ретінде дін мәселесінде түрлі түсіндірмелерге жол бермеуі тиіс екенін жеткізді. Сондықтан Конституцияда бекітілген зайырлылық қағидатын нақты әрі анық түрде айқындауды ұсынды.
«Дін мен мемлекеттің ара-жігін Конституция арқылы нақты белгілеу бұл діни сенімдегі азаматтардың құқығын шектеу емес, керісінше, оларға мемлекеттің тарапынан тең дәрежеде қарауды қамтамасыз ету.
Қазақстан сияқты көп конфессиялы мемлекетте билік әрқашан әділ төреші болуы тиіс. Өзімнің судьялық тәжірибем де көрсеткендей, мемлекет пен дін арасындағы нақты шекара ғана қоғамдағы тұрақтылықты сақтауға мүмкіндік береді.
Осы принципті бекіту арқылы біз қоғамға нақты белгі береміз: заң бәріне ортақ, ал мемлекеттік шешімдер азаматтардың діни сеніміне емес, барлық азаматтың ортақ мүддесіне сүйеніп қабылданады», – деді Серік Ақылбай.
Ол аталған ұсыныстың қоғамдағы тұрақтылықты нығайту мен құқықтық сенімді қамтамасыз етуде маңызды екенін атап өтті. Оның пікірінше, Конституцияда зайырлылық қағидатын бекіту мемлекеттің қазіргі саясатының қисынды жалғасы болмақ.
«Тоқаев? Президент бұған дейін де мемлекеттік саясаттағы зайырлылықтың маңыздылығын бірнеше рет айтқан болатын. Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде де ол мемлекетіміздің зайырлы сипатын күшейту қажеттігіне тоқталды. Бұл зайырлылықтың формалды белгі емес, елдің тұрақты дамуының, қоғамдық бірліктің және заң алдындағы теңдіктің кепілі екеніне айқын дәлел», – деді ол.
Осы ретте Серік Ақылбай халықаралық тәжірибеден мысал келтірді. Германия Федеративтік Республикасы, Түркия Республикасы, Қырғыз Республикасы сияқты зайырлы мемлекеттердің конституцияларында дін мен мемлекет нақты ажыратылған. Бұл тәсіл сол елдердегі қоғамдық тұрақтылық пен құқықтық сенімді қамтамасыз етіп отыр.
Айта кетелік, аталған жиында мемкеңесші Ерлан Қарин бір палаталы Құрылтайдың құзыретіне қатысты маңызды ұсыныстарды ортаға салған болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

