«Проблемалық кредиттер қоры» акционерлік қоғамының бұрынғы басқарма төрағасы Дәулет Бақберген қамауға алынды. Журналист Михаил Козачков оған қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деген айып тағылғанын жазды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Алдымен түсінікті болу үшін қысқаша анықтама бере кетейік. Проблемалық кредиттер қоры Қаржы министрлігіне қарасты ұйым. Оның басты міндеті екінші деңгейлі банктерден проблемалық активтерді қабылдап, реттеп, кейін сатылымға шығару. Банктер несие алған азаматтар немесе кәсіпорындар қарыздарын өтей алмаған жағдайда олардың меншігіндегі мүліктер қорға өтеді. Қор мамандары бұл нысандарды қалпына келтіріп, қайта саудаға қоюы керек.
Алайда бұл қордың жұмысы депутаттар мен сарапшылар тарапынан үнемі сынға ұшырап келді. Өйткені ондаған үлкен кәсіпорындар мен мүліктерге ие болып отырған мекеменің табысы тым аз. Қоғамда «Қор неге тиімді жұмыс істемейді?» деген сұрақ жиі көтерілді.
Жалпы, ПКҚ мәселесі бұрыннан қоғам назарында. Мәселен, шамамен алты жыл бұрын осы қордың жұмысы туралы шағын зерттеу жарияланған болатын. Сонда Шығыс Қазақстан облысындағы әйгілі Серебрянск бейорганикалық өндірістер зауытының да осы ұйымға өткендігі жазылды. Бұл зауыт кезінде белгілі бір банктің проблемалық активтерінің қатарына еніп, ақыр соңында мемлекет қамқорлығына алынған.
Бірақ қордың сол кездегі басшылығы көлемі 64 мың шаршы метрге жуық алып зауытты айына небәрі 1000 теңгеге жалға беріп жіберген еді. Жалдаушы «инвестор» өндірісті дамытамын деп уәде беріп, бірақ іс жүзінде зауыт алаңдарын коммерциялық мақсатта басқаларға жалға таратып отырған.
Енді осы қордың бұрынғы басшысы Дәулет Бақбергеннің ісімен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жемқорлыққа қарсы қызметі айналысып жатыр. Белгілі болғандай, ол жуырда Астанада ұсталып, Алматыға жеткізілген. Қазір оның ісін арнайы топ тергеп жатыр. Егер кінәсі дәлелденсе, оған жеті жылға дейін жаза тағайындалуы мүмкін.
Бұл істің айналасында тағы бір интрига бар. Ол Бақбергеннің бұрынғы тікелей басшысы, Қаржы министрлігінен ПКҚ жұмысын бақылаған, жуырда ғана Ұлттық банк төрағасының орынбасары лауазымынан кеткен Берік Шолпанқұловқа қатысты. Қоғамда «Шолпанқұловтың лауазымнан кетуі осы іске қатысы болуы мүмкін бе?» деген сұрақ туындап отыр. Әзірге бұл мәселе ашық күйінде қалып отыр.
Еліміздің Энергі министрлігі АҚШ билігіне ресейлік «Лукойлдың» ел аумағындағы активтерін сатып алуға басым құқығы барын ресми түрде хабарлады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

