Әр азамат дүниеге келген сәттен бастап, өмір бойы мемлекеттік қызмет түрлерімен тікелей байланысты. Баланың туу туралы куәлігін алудан бастап, білім, әлеуметтік көмек алу, денсаулық сақтау қызметіне жүгіну, жер телімін рәсімдеу – осының бәрі азамат пен мемлекет арасындағы күнделікті қарым-қатынастың көрінісі, деп жазады Ertenmedia.kz.
Сондықтан мемлекеттік қызмет көрсету сапасы – мемлекеттің халық алдындағы жауапкершілігінің және азаматтардың билікке сенімінің басты көрсеткіші.
Қазақстан Республикасының Президенті өз Жолдауларында осы салаға үнемі басымдық беріп келеді. Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мен оның аумақтық департаменттері халыққа көрсетілетін қызметтердің заң аясында әрі сапалы болуын бақылауда ұстап отыр.
Қазір еліміз бойынша 1323 мемлекеттік қызмет түрі көрсетіледі. Оның ішінде Түркістан облысында 364 қызмет қолжетімді, бұл көрсеткіш облыс көлемінде үлкен цифрландыру жұмысының нәтижесі деп айтуға толық негіз бар.
2025 жылы облыста 26 миллионнан астам мемлекеттік қызмет көрсетілген. Олардың 98 пайызы электронды форматта ұсынылып, халықтың цифрлық мүмкіндіктерді пайдалануы артқан. Бүгінде облыс аумағында 19 Халыққа қызмет көрсету бөлімі, 4 сектор, 2 мамандандырылған ХҚКБ және 2 сектор тұрақты жұмыс істеп, тұрғындарға тиімді қызмет көрсетуде.
Жыл бойы жүргізілген бақылау шараларының нәтижесінде 135 тексеріс өткізілді. Өкінішке қарай, қызмет көрсету тәртібін сақтамау, мерзімін бұзу сияқты заңбұзушылықтар жиі орын алған. Әсіресе, жер қатынастары, жеке тұлғаларды тіркеу мен ауыл шаруашылығы саласында кемшіліктер көп тіркелген.
Сұрақтарға жедел жауап беріледі
Мемлекеттік қызмет көрсету саласында азаматтардың құқығын қорғауға ерекше көңіл бөлінді. Бір жылдың ішінде түскен 410 өтініштің нәтижесінде 198 азаматтың құқығы толығымен қалпына келтірілді. Тұрғындар көбінесе жер қатынастары, еңбек және әлеуметтік қорғау, сәулет және қала құрылысы мәселелері бойынша жүгінген.
Сондай-ақ, халықпен ашық әрі түсінікті қарым-қатынас орнату мақсатында тұрақты түрде ақпараттық және түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Мәселен, өңірлік «Turkistan TV» арнасында «Елге қызмет» бағдарламасының 25 шығарылымы жарық көріп, түрлі тақырыптағы 259 семинар мен 25 тікелей эфир ұйымдастырылды. Әлеуметтік желілерде 11 интернет-конференция, 66 қоғамдық кеңес отырысы, 124 қоғамдық бақылау іс-шарасы өткізілді. Тұрғындарға ақпаратты қолжетімді ету мақсатында 98 арнайы бейнеролик дайындалып, халық назарына ұсынылды.
Сонымен қатар, азаматтардың сұрақтарына жедел жауап беру мақсатында «EgovKZBot 2.0» Telegram-боты іске қосылып, осы жүйе арқылы 113 тұрғынның мәселесі оң шешімін тапты.
Аталған кешенді шаралар мемлекеттік қызмет сапасын жақсартып қана қоймай, халықтың мемлекеттік органдарға деген сенімін нығайтуға үлкен үлес қосуда.
Абылайхан Наурызбаев, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы.
Бүгін Конституциялық комиссияның екінші отырысында Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев Ата заңымызға ұсынылатын маңызды өзгерістерді таныстырды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

