Қазақстанның тұрғын үй нарығына енді демографиялық фактор әсер етпек. 2000 жылдардың басындағы бум кезінде туған жастар баспана нарығына белсенді кіре бастаған. «Отбасы банк» Ләззат Ибрагимованың айтуынша, алдағы екі-үш жылда тұрғын үй бағасы төмендемейді деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
2000 жылы Қазақстанда 222 мың сәби дүниеге келсе, 2007 жылы осы көрсеткіш 321,9 мыңға жеткен. Жыл сайынғы өсім шамамен 15-20 мың адам. Бүгінде осы буынның алғашқы легі 26-27 жасқа толып, шаңырақ көтеріп жатыр. Демек, алдағы жылдары баспанаға деген сұраныс бәсеңдемейді, керісінше күшейе түспек.
«Жас отбасының алғашқы жоспары баспана алу. 2000-2009 жылдары демографиялық дүмпу қатты сезілгендіктен, дәл осы ұрпақ алдағы бірнеше жылда тұрғын үй нарығына күшті ықпал ететін болады. 2026-2027 жылдары да баға төмендемейді. Екінші нарықта тоқырау болуы мүмкін, бірақ жаңа үйлердің бағасы құрылыс материалдары мен жұмысшылардың жалақысына тікелей тәуелді. Қазіргі демографиялық көрсеткіш бойынша бағаның түсуі екіталай», – деді Ибрагимова.
2025 жылы Қазақстанда 20,5 млн шаршы метр немесе шамамен 150 мың пәтер салынғанына қарамастан, сұраныс әлі де ұсыныстан жоғары.
Сұранысты бағалаудың бір көрсеткіші неке саны. Елде жыл сайын 120-130 мың неке қиылады, алайда былтыр көрсеткіш соңғы жылдардағы ең төменгі деңгейге 114 мыңға түскен.
Ибрагимованың айтуынша, тұрғын үй нарығында екінші деңгейдегі үйлердің бағасы тұрақтап қалуы мүмкін. Ал жаңадан салынып жатқан үйлерге сұраныс жоғары күйінде сақталады. Себебі мұнда баға құрылыстың өзіндік құны мен халықтың табыс деңгейіне тікелей байланысты.
Айта кетелік, бұған дейін біз «Отбасының» халал ипотекаға жол ашатынын хабарлаған едік.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







