Мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі деректердің шынайылығына қатысты соңғы уақытта қоғам арасында үлкен алаңдаушылық туындауда. Бұл мәселені Аружан Саин Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа арнайы жолдаған хатында ашық көтерді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Оның айтуынша, балаларды спорттық секциялармен, шығармашылық үйірмелермен қамтамасыз етуге кейбір ведомстволар әлі күнге дейін салғырт қарауда.
Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылында балалардың бос уақытын тиімді пайдалану мәселесі екінші планда қалған. Қосымша білім беру тек формалды түрде, көбіне білім министрлігі желісі арқылы ғана іске асып келді, ал спорт және мәдениет жүйелері бұл процестен тыс қалды.
ArtSport бағдарламасы арқылы мемлекеттік тапсырыс негізінде балаларды спорт пен шығармашылық үйірмелерге қатыстыру жоспарланған. Аружан Саинның ұсынысы бойынша, осы жүйе мен Ұлттық білім беру деректер базасы (ҰБДБ) бір орталыққа біріктірілуі тиіс еді. Алайда бұл ұсынысқа министрліктер тарапынан үлкен қарсылық болды. Себебі, аталған жүйелердің бірігуі барлық деректерді ашық етіп, бюджеттік қаражатты мақсатсыз игеру фактілерінің бетін ашып тастауы мүмкін еді.
Қазіргі таңда деректер базасы нақты есептерді қамтамасыз ете алмайды. Аружан Саин келтірген мәліметтер бойынша, ресми статистикада көрсетілгендей, республика бойынша қосымша біліммен қамтылған балалардың үлесі – 81,1%. Бірақ бұл деректердің сенімділігіне күмән көп. Себебі деректерді мектептер өздері енгізеді, ал ата-аналардың бұл ақпаратты тексеруге мүмкіндігі жоқ. Соның салдарынан балалардың үйірмеге баруы тек қағаз жүзінде ғана жүзеге асуда.
Аружан Саинның деректеріне сүйенсек, 1625 мектептен тыс мекемеде 1 миллионнан астам, ал 7500 жалпы білім беретін мектепте 1,3 млн бала үйірмелерге барады деп есеп берілген. Бірақ шын мәнінде осы мәліметтердің басым бөлігі расталмаған, тек мектептер берген сауалнамалардың негізінде жинақталған. eGov мобильді қосымшасындағы Bilim бөлімі арқылы ата-аналар балалардың бармаған үйірмелеріне қатысып жүр деп жазылғанын көріп таң қалып отыр. Бұл ақпарат әлеуметтік желілерде де кеңінен талқылануда.
Осыған дейін медициналық қызметтер бойынша да дәл осындай деректер бұрмалануы анықталған еді. Мәселен, әйелдерге арналған жатыр мойны қатерлі ісігі скринингінен 768 827 ер адамның өтуі немесе маммографияны 619 ер адамның жасатуы сияқты ақылға сыймайтын деректер тіркелген. Мұндай жағдай білім беру саласында да қайталанып отырғаны алаңдатады.
Саинның мәлімдеуінше, министрліктердің берген мәліметтері негізсіз әрі нақты дәлелденбеген. Жыл сайын балалардың қосымша білім алуына бөлінетін қаражат жергілікті атқарушы органдар тарапынан бақыланбай игерілуде. 2022 жылы осы мақсатқа 78 миллиард теңге, ал 2023 жылы 101 миллиард теңге бөлінген. Алайда олардың нақты қалай жұмсалғанын ешкім анық білмейді.
Мектептердегі секциялар мен үйірмелердің жұмысы қағаз жүзінде ғана тіркеліп, деректер базасында толыққанды бақылау механизмі жоқ. Бұл мәселенің салдары ауыр: бюджет қаражаты бақылаусыз жұмсалуда, ал балалар өздеріне тиісті қызметті толық көлемде алмайды.
Аружан Саин осыған орай бірнеше ұсыныс жасады. Біріншіден, барлық министрліктер мен құзырлы органдар қосымша білімге бөлінген бюджет қаражатын мұқият талдап, бақылауды күшейту керек. Екіншіден, деректер базасын қайта қарап, барлық ақпаратты шынайы көрсететін етіп қайта құру қажет. Үшіншіден, деректер базасына балалардың қатысатын үйірмелері туралы ақпаратты ата-аналардың өздері енгізетіндей мүмкіндік жасалу керек.
Контекст
Сонымен қатар, қосымша білім алуға бөлінген бюджет қаржысы нақты балалардың үйірмеге қатысқаны ата-анасы тарапынан расталғаннан кейін ғана төленетін механизм енгізілу керек. ArtSport платформасы дәл осы қағидамен жұмыс істеп, өзінің тиімділігін көрсеткен болатын.
Бұл ұсыныстарды жүзеге асыру балалардың жан-жақты дамуына, сондай-ақ мемлекет қаржысының ашық әрі тиімді жұмсалуына жол ашады. Бюджет кодексінде жазылған тиімділік, жауапкершілік және нақты мақсатқа бағытталғандық принциптері де осылай орындалады.
«Балаларымыздың білім мен спортқа қатысуын қамтамасыз ету елдің дамуы мен ұлттың денсаулығы үшін шешуші фактор», – дейді Аружан Саин. Оның пікірінше, қазірден бастап бұл мәселені ретке келтіру – Қазақстанның болашағы үшін маңызды қадамдардың бірі болмақ.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

