Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық қозғалысы аясында Түркістан облысында «Мөлдір бұлақ» экологиялық акциясы жалғасуда, деп жазады Ertenmedia.kz.
Осы ауқымды іс-шараға Премьер-министр Олжас Бектенов арнайы қатысып, Сайрам ауданы Ақбұлақ ауылындағы тарихи «Ақ-Ата» бұлағын тазарту және абаттандыру жұмыстарын жергілікті тұрғындармен бірге атқарды.
Олжас Бектенов экологиялық мәдениетті қалыптастыруда су ресурстарын қорғау мен оларды тиімді пайдаланудың ерекше маңызын атап өтті. Оның айтуынша, бұл бастама халықтың табиғатқа жанашырлығын арттырып қана қоймай, су тапшылығы жағдайында қосымша ресурстардың қолжетімділігін қамтамасыз етуге де мүмкіндік береді.
«Ақ-Ата» бұлағының тарихы XVII–XVIII ғасырлардан бастау алады. Оның жалпы аумағы 3,5 гектарды құрайды. Осы күні бұлақ маңы тазартылып, жасыл желектер отырғызылды. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков алдағы уақытта облыс бойынша 1,5 мыңға жуық бұлақ көзін тазарту жоспарланып отырғанын хабарлады.
Жалпы, 23 наурызда басталған «Мөлдір бұлақ» акциясының бірінші кезеңі еліміздің алты өңіріндегі 29 бұлақты қамтыды. Оның ішінде Түркістаннан бөлек, Жамбыл, Қызылорда, Алматы, Жетісу облыстары және Шымкент қаласы бар. Акцияның сәуір айында жоспарланған екінші кезеңінде Қазақстанның басқа да облыстарындағы бұлақ көздері тазартылып, абаттандыру жұмыстары жүргізілмек.
Экологиялық акцияларға бүгінге дейін 3,8 мыңнан астам адам қатысқан. Әсіресе жастардың белсенділігі жоғары. Бұл өз кезегінде өскелең ұрпақ арасында табиғатты қорғауға деген жауапкершілікті арттырып, экологиялық мәдениетті нығайтуға септігін тигізуде.
ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі мен «Қазгидрогеология» ұлттық гидрогеологиялық қызметінің мәліметінше, қазіргі таңда еліміз бойынша 711 бұлақ көзі анықталып, мұрағат материалдары негізінде 2772 бұлақтың картасы жасалды. Алдағы уақытта олардың барлығы да тазартылып, абаттандырылатын болады.
Олжас Бектенов атап өткендей, Президенттің бастамасы қоғамның қолдауымен жалпыұлттық сипат алып, нәтижелі іске айналуда.
– Мемлекет басшысының табиғатқа ұқыпты қарау жөніндегі бастамасы азаматтардың қолдауының арқасында Конституция деңгейінде бекітілді. Бүгінде «Таза Қазақстан» жалпыұлттық қозғалысына айналды. Мұндай шаралар еліміздің экологиялық мәдениетін жаңа деңгейге көтеріп, су ресурстарын сақтаудың маңызын кеңінен насихаттайды. Сондықтан барша азаматтарды табиғатты қорғауға және қоршаған ортаны таза ұстауға белсенді атсалысуға шақырамыз, – деді Олжас Бектенов.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







