АҚШ президенті Дональд Трамп арнайы баспасөз конференциясын өткізіп, Венесуэладағы жағдайға қатысты алдағы қадамдарын мәлім етті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Президенттің айтуынша, Венесуэла мұнайына енгізілген эмбарго күшінде қалады. Америкалық әскери кемелер толық жауынгерлік дайындықта болады.
– Біз қойған талаптардың бәрі орындалғанға дейін, барлық әскери шаралар да қарастырылатынын ескертемін. Венесуэлалық саясаткерлер мен әскери тұлғалар бір нәрсені нақты түсінсін, Мадуроның басына түскен жағдай олардың да басына түсуі мүмкін, – деді Трамп.
Қазіргі кезде Венесуэла президенті Николас Мадуро әйелімен бірге АҚШ-тың әскери кемесінде ұсталып, Нью-Йоркке жеткізілуде.
Трамп сонымен қатар америкалық ірі мұнай компанияларының Венесуэлаға келетінін мәлім етті.
– Біз ірі америкалық мұнай компанияларының Венесуэлаға келуіне жол ашамыз. Олар елдегі күйреген инфрақұрылымды қайта қалпына келтіруге миллиардтаған доллар жұмсап, елге пайда әкелетін болады, – деді АҚШ президенті.
Бұған қоса, Венесуэланың вице-президенті Делси Родригес АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубиомен телефон арқылы сөйлесіп, Америкамен ынтымақтасуға дайын екенін жеткізген. Бұған дейін Родригестің Мәскеуде екені туралы ақпарат тараған болатын, алайда Ресей сыртқы істер министрлігі бұл ақпаратты ресми түрде жоққа шығарды.
Трамп Венесуэла оппозициясының жетекшісі Мария Корина Мачадомен ешқандай байланыста болмағанын атап өтті. Оның айтуынша, Мачадо елді басқаруға қажетті қолдау мен құрметке ие емес.
Сондай-ақ, АҚШ президенті өз сөзінде 1823 жылғы «Монро доктринасының» маңызын қайта еске салды.
– Америка енді бұл доктринаны елеусіз қалдырмайды. Монро доктринасына сәйкес, АҚШ қос Америка құрлығындағы елдердің ішкі ісіне сырттан араласуға еш жол бермеуі тиіс. Бұдан былай Батыс жартышарындағы Американың ықпалына ешкім күмән келтіре алмайды, – деп мәлімдеді Дональд Трамп.
АҚШ билігі Венесуела президенті Николас Мадуро қылмыстық жауапкершілікке тартылып, сот алдында жауап береді деп мәлімдеді.

