Жұмыс аптасының шаршауын басу үшін достармен бірге моншаға барып, хош иісті шөп шайын ішіп, буға түсудің рахатына жететін нәрсе жоқ. Дегенмен, мамандар моншаның пайдасын толық сезініп, зиянын болдырмау үшін оған дұрыс дайындалып бару керектігін ескертеді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Соңғы кезде моншаға бару денсаулықты жақсартудың сәнді трендіне айналды. Бірақ бұл үрдістің барлық пайдасын сезіну үшін қажетті ережелерді білу маңызды. Әсіресе, бұрын жиі буға түспеген адамдар үшін қауіпсіздік пен денсаулық сақтау аса өзекті.
Монша денені жасартады, жүйкені тыныштандырады, күш-қуатты қалпына келтіреді, зат алмасуды жылдамдатады және ағзадағы зиянды заттарды шығаруға көмектеседі. Тіпті тері ауруларын, тыныс алу жолдарының ауруларын емдеуге, иммунитетті нығайтуға және салмақ тастауға септігін тигізеді. Алайда, барынша пайдалы болу үшін, бірнеше маңызды нәрсені есте сақтау қажет.
Монша сыпырғышын қалай таңдаймыз?
Моншаға барғандағы ең негізгі зат – сыпырғыш (веник). Оны дайындауда әртүрлі ағаштардың бұтақтары қолданылады: қайың, емен, жөке, эвкалипт және қылқан жапырақты өсімдіктер. Сыпырғыштарды емдік және профилактикалық әсеріне қарай таңдайды.
Қайың сыпырғышы – буын мен бұлшықеттің ауруын басып, бронхтардың кеңеюіне ықпал етеді, терідегі жарақаттарды жазуға көмектеседі.
Емен сыпырғышы – терінің майлылығын азайтып, серпімділігін арттырады, күйзелісті басады.
Жөке сыпырғышы – бүйрек жұмысын белсендіреді, ісінуді басады, бас ауруын жеңілдетеді.
Эвкалипт пен қылқан жапырақты сыпырғыштар – тыныс алу жолдарын емдеуге жақсы көмектеседі.
Барлық сыпырғыштар теріні уқалап, қан айналымын жақсартады, ауаға ағаштың пайдалы фитонцидтерін шығарады.
Бас пен қолды қалай қорғау керек?
Бу бөлмесінде бастың қызып кетуін, күйік пен жарақатты болдырмау үшін міндетті түрде бас киім мен қолғап қажет. Олар әдетте киізден жасалады: бұл материал бастың қызып кетуінен және қолды сыпырғышпен жұмыс кезінде қажалу мен жарақаттардан қорғайды.
Бу бөлмесіне міндетті түрде бас киіммен кіріңіз. Бас киімнің қоңырау тәріздес болғаны дұрыс, ол шашты ғана емес, құлақты да толық жауып, қызып кетуден сақтайды.
Неге зергерлік бұйымдарды шешіп тастау керек?
Бу бөлмесіне кірер алдында барлық зергерлік бұйымдар мен пирсингті алып тастау қажет. Себебі металл әшекейлер қызған кезде теріні күйдіріп жіберуі мүмкін.
Сыпырғышты қалай дайындайды?
Құрғақ сыпырғышпен буға түсуге болмайды, оны алдын ала қайнаған суға немесе ыстық суға салып, 15-20 минут ұстайды. Сыпырғышты арнайы пакетке салып, үстіне қайнаған су құйып, түйіп, бу бөлмесінің төменгі сөресіне қойса да болады. Осылайша ол тез дайындалады және буы хош иісті болады.
Моншада жайма мен сүлгілер қажет
Бу бөлмесінде және демалыс бөлмесінде қолдануға екі жайма немесе баняға арналған сүлгі алыңыз. Бірін сөреге төсейді, екіншісімен денені сыртқа шыққанда орайды. Үй жағдайындағы моншада вафли матасынан тігілген халаттар да өте ыңғайлы.
Тәпішке – міндетті бұйым
Үйдегі моншаға барсаңыз да, қоғамдық моншаға барсаңыз да, міндетті түрде тәпішке киіңіз. Жалаңаяқ жүру – гигиеналық талаптарға қайшы, оның үстіне тайып құлау қаупі де бар. Сондай-ақ, саңырауқұлақ ауруларын жұқтыру қаупі де жоғары.
Сусындарды ұмытпаңыз
Моншада адам терлегенде көп сұйықтық жоғалтады. Үш-төрт сағатта 1,5 литрге дейін тер шығып кетуі мүмкін. Сондықтан сұйықтықты тұрақты түрде ішіп тұру қажет. Әсіресе жалбыз, түймедақ, фенхель және жөке қосылған шөп шайлары өте пайдалы. Оларға бал, жеміс қанты қосуға болады. Сонымен қатар компоттар, морстар немесе жылы таза су да ішуге болады. Суды мұздай емес, жылы немесе ыстық күйінде ішкен дұрыс. Шөп қайнатпасын бу бөлмесінде тастарға шашып, хош иісті бу жасауға да болады.
Алкоголь мен ауыр тағамнан бас тартыңыз
Моншадан барынша пайда алу үшін алкогольді ішімдіктер мен ауыр, майлы тағамдардан бас тарту керек. Мұндай өнімдер ағзаға қосымша ауыртпалық түсіреді және денсаулыққа зиян келтіруі мүмкін. Сондықтан моншаға бармас бұрын да, барған кезде де, шыққаннан кейін де жеңіл тағамдар мен пайдалы сусындар таңдаңыз.
Білікті дәрігерлер бойыңызда 8 симптом байқалса, бірден маманға жүгінуге кеңес береді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







