Мәжіліс депутаттары мұғалім мәртебесін арттыратын заң жобасын талқылауға алды. Енді мұғалімдер балалардың өмірі мен қауіпсіздігіне тек оқу процесі кезінде жауап береді деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетовтың айтуынша, заң жобасы мұғалімдердің құқығын қорғау мақсатында әзірленген.
«Бұдан былай мұғалімдер оқушылардың өмірі мен денсаулығына тек сабақ уақытында жауапты болады. Сабақтан тыс уақытта, кешкі мезгіл мен каникул кезінде бұл жауапкершілік ата-аналарға жүктеледі», – деді Аймағамбетов.
Оның айтуынша, Президенттің тапсырмасына сәйкес педагогтарды кәсіби қызметіне қатысы жоқ жұмыстарға тартуға тыйым салынады.
«Мұғалімдерді артық жүктемеден босату үшін есеп беру құжаттарын қағаз және электронды форматта қатар жүргізуге тыйым салынып, тек бір форматта ғана жүргізу міндеттеледі. Сондай-ақ мұғалімдерді өз жұмыстарының нәтижесін әлеуметтік желіде жариялауға мәжбүрлеуге жол берілмейді», – деді депутат.
Осылайша, жаңа заң мұғалімдердің кәсіби қызметіне кедергі келтіретін міндеттерді азайтып, олардың құқықтық мәртебесін күшейтпек.
Желіде ұстаздар қауымы аталған бастаманы қолдап жатыр. Педагогтар әлеуметтік желіден «босатылатыны» туралы бұған дейін егжей-тегжейлі жазғанбыз.
«Педагог кәсіби қызметіне қатысы жоқ әрі еңбек шартында (қызметтік нұсқаулықта) көрсетілмеген міндетті мойнына артпауы тиіс. Әлеуметтік желідегі аккаунт жүргізу мен материал жариялаудан, сондай-ақ имидждік және өзге де қосымша тапсырманы орындаудан бас тартуға құқылы», – делінген заң жобасында.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

