Мексика шығанағында болған қатты қысқы дауыл АҚШ-тағы мұнай өндірісіне едәуір зиян келтіріп, мұнай бағасының бір күнде шамамен 3%-ға өсуіне себеп болды.
Brent маркалы мұнайдың фьючерстік бағасы 3,02%-ға қымбаттап, барреліне 67,57 долларға жетсе, америкалық WTI маркасы 2,9%-ға көтеріліп, 62,39 доллардан саудаланды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Сарапшылардың есебінше, дауыл салдарынан АҚШ-тағы мұнай өндірушілер тәулігіне 2 миллион баррель, яғни елдегі жалпы өндірістің шамамен 15%-ын жоғалтқан. Бұл жағдай энергетикалық инфрақұрылымға үлкен қысым түсіріп, елдегі электр жүйелерін де әлсіреткен.
– Мұндай ауа райы жағдайлары қысқа мерзімдегі жеткізу тәуекелін арттырып, мұнай бағасының өсуіне ықпал етіп отыр, – дейді City Index сарапшысы Фавад Разакзада.
Vortexa агенттігінің мәліметінше, дауыл кесірінен АҚШ-тың Мексика шығанағындағы порттарынан шикі мұнай мен сұйытылған табиғи газ экспорты жексенбі күні толығымен тоқтаған. Дүйсенбіде порт жұмыстары қалпына келтіріліп, экспорт көлемі маусымдық деңгейден де асып түскен.
Алайда жаһандық нарықтағы қысымды күшейткен тағы бір фактор Қазақстандағы Теңіз кен орнындағы өндірістің бәсеңдеуі. Осыған қатысты екі дереккөздің хабарлауынша, ақпанның алғашқы аптасында Теңіз кен орны әдеттегі өндіріс көлемінің жартысына да жете алмауы мүмкін. Себебі электр желісінің істен шығуы мен өрттің салдарын жою жұмыстары жоспарлағаннан баяу жүруде.
– Теңіз кенішіндегі өндірісті қалпына келтіру күтілгеннен әлдеқайда ұзақ уақытқа созылатын түрі бар. Бұл жағдай мұнай нарығындағы шиеленісті одан әрі күшейтті, – деп түсіндірді UBS сарапшысы Джованни Стауново.
Дегенмен Қазақстанның негізгі экспорттық арнасын басқаратын Каспий құбыр консорциумы (CPC) Қара теңіз жағалауындағы терминалы техникалық қызметтен кейін толық қуатында жұмыс істеп тұрғанын мәлімдеді.
Сонымен қатар, мұнай нарығындағы тәуекелдер Таяу Шығыстағы геосаяси жағдайға байланысты да күшейіп отыр. Reuters агенттігіне сұхбат берген екі америкалық шенеуніктің айтуынша, АҚШ авианосеці бастаған әскери кемелер тобы Таяу Шығысқа жеткен. Бұл АҚШ-тың Иранға қарсы әскери әрекеттер жасау ықтималдығын арттырып, нарықтағы алаңдаушылықты күшейтті.
– Президент Трамптың өткен аптада Иранға бағытталған «армаданы» атап өтуі геосаяси ахуалды одан әрі шиеленістіріп, мұнай бағасын қысқа мерзімді кезеңде қолдап тұр, – дейді City Index сарапшысы Фавад Разакзада.
Сонымен қатар, Украина мен Ресей арасындағы бейбіт келісімнің әлі де анықталмағаны және Вашингтон мен Тегеран арасындағы шиеленістің жалғасуы мұнай бағасының тұрақты жоғарылауына жол бермей отыр, деп атап өтті BOK Financial компаниясының вице-президенті Деннис Кислер.
Осы тұста ОПЕК+ елдері 1 ақпан күні өтетін кездесуінде мұнай өндірісін арттыруды тоқтата тұру туралы шешімді әрі қарай жалғастыратынын мәлімдеді. Сарапшылар бұл қадам мұнай нарығындағы баға тұрақтылығына әсер етеді деген пікірде.
Трамптың халықаралық бейбітшілік пен өркендеуге арналған маршруты (TRIPP) Қазақстан үшін мұнай тасымалын кеңейтуге жол ашады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

