ҚР Энергетика министрлігі мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін ел аумағынан шығаруға уақытша тыйым салуды көздейтін бұйрық жобасын әзірлеп, қоғамдық талқылауға ұсынды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Жобаға сәйкес, 2026 жылдың 21 мамырынан 21 қарашасына дейін Қазақстан Республикасының аумағынан бензиндерді, дизель отынын және кейбір мұнай өнімдерін автокөлікпен және теміржол көлігімен әкетуге уақытша тыйым салынады.
Бұл тыйым Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерге де қатысты болмақ. Алайда заңнамада көрсетілген жекелеген жағдайларда ғана рұқсат етіледі.
Сондай-ақ, 2026 жылдың 1 шілдесінен 31 желтоқсанына дейін Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан тыс жерлерге жеңіл дистилляттарды, авиациялық керосинді, дизель отынын, газойльдерді, толуолды, ксилолды және мұнай битумын шығаруға тыйым салынбақ.
Тыйым салу мерзімі алты ай. Алайда гуманитарлық көмек көрсетуде және Қазақстан Үкіметінің шешімдерімен жүзеге асырылатын жеткізілімдерге қатысты ерекше жағдайлар қарастырылған.
Бұйрық жобасы бойынша қоғамдық талқылау 2026 жылдың 16 ақпанына дейін жалғасады. Пікірлер мен ескертулерді «Ашық НҚА» порталында қалдыруға болады.
ҚР Энергетика министрлігі Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елдің энергетикалық инфрақұрылымын жаңғырту бойынша жүйелі жұмысты жалғастырып жатыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

