Бірқатар қазақ сарапшылары Ирандағы жағдайды Қаңтар оқиғасымен салыстырса, Венесуэладағы операцияны геосаяси тектониканың жаңа кезеңі ретінде бағалауда, деп жазады Ertenmedia.kz.
Венесуэладағы жағдайдың ықпалы әлемдік мұнай нарығынан бөлек, Орталық Азия елдеріне, әсіресе Қазақстанға жанама түрде әсер етеді. Америкалықтардың Каракастағы операциясы бастапқыда бейбіт өткені хабарланғанымен, кейінірек кем дегенде 40 венесуэлалық әскердің қаза тапқаны анықталды.
Венесуэла, Иран және Қазақстан тағдырының қиылысы
Дегенмен қазақстандық саясаттанушы Марат Шибутов АҚШ-тың жылдам әрі нәтижелі әрекеттерін Ресейдің Украинадағы ұзаққа созылған соғысымен байланыстырып, Кремльдің беделіне үлкен нұқсан келгенін айтады.
– Бұл операция Ресейдің тығырыққа тірелген әскери іс-қимылымен салыстырғанда Вашингтонның жедел әрі нақты нәтижеге қол жеткізе алатынын көрсетті. Кремль үшін бұл өте ыңғайсыз саяси фон қалыптастырады, – дейді Шибутов.
Қазақстанда шетелдік компаниялармен мұнай келісімдерін қайта қарау мәселесі бұрыннан қызу талқылана бсатады. Саясаттанушы Данияр Әшімбаев соңғы оқиғаларға байланысты бұл тақырыптың енді тіпті ушығуы мүмкін екенін меңзейді.
– Бұрын мұнай келісімдерін қайта қарау жайлы пікірталастар көп айтылатын. Қазір бұл тақырып тым сезімтал әрі қауіпті мәселеге айналды. Мұндай ұсыныстарды енді тіпті экстремизммен теңестіруге болады, – деді ол.
Ал энергетика сарапшысы Олжас Байділдинов Иран мен Венесуэладағы саяси өзгерістер мұнай нарығын тұрақсыздандыруы мүмкін деп есептейді. Венесуэла әлемдегі ең ірі мұнай қорына (шамамен 300 млрд баррель) ие, бұл Қазақстанның барланған қорынан 30 есе көп.
– Егер Венесуэла мен Иранда либералды немесе Батысқа жақын үкіметтер билікке келсе, олар алдағы 3-4 жылда әлемдік нарыққа күніне қосымша 2-3 млн баррель мұнай шығара алады. Бұл мұнай бағасын 50-70 доллар деңгейіне дейін түсіреді, – дейді Байділдинов.
Оның пікірінше, мұндай бағада Қазақстан экономикасының тұрақты дамуы мен мұнай секторының өсуін сақтау қиын болады.
Қаржы сарапшысы Арман Бейсембаев тіпті бұдан да пессимистік болжам ұсынады. «Егер АҚШ нарыққа, соның ішінде Венесуэла арқылы да көбірек мұнай жеткізе бастаса, мұнай бағасы 60 долларда тұра алмайды. Негізгі сценарий бағаның 50 долларға, тіпті ең нашар жағдайда 40 долларға немесе одан да төмен түсуі мүмкін», – дейді ол.
Геосаяси тектоника
Алайда барлық сарапшылар Венесуэланың нарықты түбегейлі өзгерту қабілетіне сенбейді. Женевадағы Жаһандық газ орталығының Орталық Азия бойынша кеңесшісі Асқар Исмаилов венесуэлалық мұнайдың өндірісі мен тасымалы тым қымбатқа түсетінін атап өтті.
– Венесуэланың мұнайы тым ауыр, оны өндіру де, тасымалдау да қиын. АҚШ компанияларымен тығыз байланысқан күрделі өңдеу жүйесі қажет. Ал инфрақұрылымды ірі инвестицияларсыз дамыту мүмкін емес, – деді Исмаилов.
Сонымен бірге сарапшылар АҚШ мұнай компанияларының да нарықты мұнайға толтыруға мүдделі еместігін айтады. Себебі, бағаның төмендеуі олардың табысын азайтады. Дегенмен геосаяси факторлардың да рөлін жоққа шығаруға болмайды.
Бірқатар сарапшылардың пікірінше, АҚШ президенті Дональд Трамп мұнай бағасын Кремльге қарсы стратегиялық қысым құралы ретінде қарастыруы мүмкін. Егер мұнай бағасы қатты құлдыраса, бюджеттік кірістері мұнайдан түсетін Қазақстан үшін үлкен қиындықтар туындайды. Ал Қазақстанның экономикалық жағдайы бүкіл Орталық Азиядағы тұрақтылыққа тікелей әсер етеді.
Қорыта келгенде, 2026 жылдың алғашқы күндері жаһандық оқиғалардың Орталық Азия аймағына, әсіресе Қазақстанға қаншалықты тез әрі терең әсер ете алатынын айқын көрсетті. Әлемдік нарықтағы өзгерістер Орталық Азияның саяси-экономикалық жағдайына тікелей ықпал етуі мүмкін.
Ал АҚШ президенті болса «Мұнайды нарықтағы бағамен сатып, қаржыны Венесуэла халқы мен АҚШ-тың мүддесіне жұмсалуын президент ретінде өзім бақылаймын» – деп мәлімдеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







