Мұнай бағасының төмендеуі және сыртқы нарықтағы өзгерістер теңгеге қысымды қайта күшейтуі мүмкін, деп жазады Ertenmedia.kz.
Қаржы нарығы сарапшылары доллар бағамы алдағы уақытта 500 теңге деңгейіне қайта жақындауы ықтимал екенін айтып отыр. Бұған мұнай бағасының құбылуы, әлемдік нарықтағы геосаяси факторлар және жаз айларында валютаға сұраныстың артуы әсер етуі мүмкін.
Соңғы күндері доллар теңгеге шаққанда баяу, бірақ тұрақты өсім көрсетіп келеді. Сауда белсенділігі де жоғары деңгейде сақталуда. Сарапшылар мұны ең алдымен мұнай бағасының төмендеуімен байланыстырады.
Экономист Арман Байғановтың айтуынша, мұнай арзандаса, ұлттық валютаға қысым күшейеді. Оның пікірінше, жыл соңына дейін доллар бағамының 500 теңгеден жоғары деңгейге шығу ықтималдығы бар.
«Мұнай бағасы әлі де төмендеуі мүмкін. Бұл ұлттық валютаның әлсіреуіне әсер етеді. Жыл соңына дейін 500 теңгеден жоғары бағамды көруіміз ықтимал», деді қаржы кеңесшісі.
Теңгені алдағы айларда сынақ күтіп тұр
Сарапшылардың түсіндіруінше, мұнай бағасының төмендеуі Қазақстан үшін маңызды фактор. Себебі ел бюджетіне түсетін валюталық кірістің елеулі бөлігі мұнай экспортына тәуелді.
Мұнайдан түсетін болашақ табыс азайса, нарықтағы валюта ұсынысы да қысқаруы мүмкін. Бұл теңге бағамына әсер етеді.
Тағы бір фактор капиталдың АҚШ нарығына ауысуы. Әлемдік белгісіздік күшейген кезде инвесторлар дамушы елдердің валютасынан гөрі доллар активтерін қауіпсіз көреді. Мұндай жағдайда америкалық валюта нығаяды.
Экономист Ануар Нұртазиннің айтуынша, 500 теңге деңгейі Қазақстан нарығы үшін тосын көрсеткіш емес. Доллар мұндай межеге бұған дейін де жақындаған. Негізгі мәселе бағамның осы деңгейде қанша уақыт сақталатынында.
«500 теңге деңгейін көруіміз мүмкін. Бірақ бұл жерде маңыздысы – оның ұзаққа созыла ма, жоқ па деген сұрақ. Қазір 500 теңге неғұрлым шынайы сценарийге айналып отыр. Дегенмен жақын уақытта күрт секіріс күтілмейді», деді экономист.
Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының сарапшылары да жаз мезгілінде долларға сұраныс дәстүрлі түрде өсетінін айтады. Бұл кезеңде халық пен бизнес шетелге сапар, импорттық төлемдер және басқа да шығындар үшін валюта көбірек сатып алады.
Сонымен қатар биржаға түсетін валютаның көлемі азаюы мүмкін. Мұндай үйлесім теңгеге қосымша қысым түсіреді.
Дегенмен сарапшылар ұлттық валютаның күрт құлдырауы күтілмейтінін айтады. Нарықтағы жағдай біртіндеп өзгеруі ықтимал.
Маусым айының басында Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов валюта нарығындағы құбылысқа шамадан тыс таңғалмау керегін айтқан еді. Оның сөзінше, Қазақстан үшін мұнай негізгі экспорттық өнім болып қала береді. Сондықтан теңге бағамы мұнай бағасына, валютаға сұраныс пен ұсынысқа тікелей тәуелді.
Сарапшылардың ортақ пікірі мынаған саяды: доллардың 500 теңге деңгейіне жақындауы мүмкін, бірақ бұл міндетті түрде дүрбелең деген сөз емес. Мұнай бағасы, сыртқы нарықтағы ахуал, ішкі сұраныс және Ұлттық банктің саясаты теңгенің алдағы бағытын айқындайды.
Қарапайым азаматтар үшін басты кеңес өзгеріссіз қалады. Валюта сатып алуда эмоцияға берілмей, жеке шығын мен нақты қажеттілікке сүйенген дұрыс. Ал бизнес үшін бағам тәуекелін алдын ала есептеу маңызды болмақ.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







