Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын бейсенбі күні қызы екеуі қару-жарақ зауытына барып, жаңа қаруды сынақтан өткізген сәтімен көзге түсті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Бұл оқиға елдің әскери стратегиясында маңызды өзгерістер жүріп жатқанын көрсетеді. Бұған дейін негізінен ядролық қаруды дамытуға басымдық берілген болса, енді қарапайым қару-жарақты жаңарту ісі жанданғаны байқалады.
CNA агенттігінің мәліметінше Ким Чен Ын тапанша мен өзге де жеңіл қарулар шығаратын зауытқа барып, жаңа тапаншаларды сынап көрді. Агенттік қарудың сапасын көшбасшының «өте жақсы» деп бағалағанын хабарлады. Жазбаша мәлімдемеде қызының аты аталмаса да, фотосуреттерде Кимнің жасөспірім қызының әскери лауазымды адамдармен бірге қару атқаны көрінеді.
Ким Чен Ын зауыттың елдің әскери күштері мен қауіпсіздік органдарына қажетті жеңіл қарулармен қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Сонымен қатар, ол өндіріс қуатын арттыруды және заманауи технологияларды енгізуді тапсырды.
Болжам бойынша, көшбасшының жасы 13-тер шамасындағы қызы Ким Чжу Э соңғы уақытта жиі көріне бастады. Ол алғаш рет 2022 жылғы қарашада алыс қашықтықтағы баллистикалық зымыранды сынау кезінде көпшілік алдына шыққан. Содан бері әкесімен бірге әскери парадтарға, зауыттардың ашылуына және Бейжіңге барған сапарға қатысты. Айта кетерлігі, Бейжіңде Ким Чен Ын Қытай басшысы Си Цзиньпинмен алты жылдан кейін алғаш рет кездесті.
Оңтүстік Корея барлау қызметі мен халықаралық сарапшылардың пікірінше, Ким Чен Ын қызы Ким Чжу Эні династияны жалғастырушы мұрагер ретінде дайындап жатуы әбден мүмкін.
Өткен айда өткен партия съезінен кейін мемлекеттік БАҚ Ким Чен Ынның қызына снайперлік винтовканы сынақтан өткізіп жатқан сәтін көрсеткен болатын. Сол жиында Ким алдағы бес жылға арналған саяси-әскери жоспарларын жариялаған еді.
Осы аптадағы қару-жарақ зауытына барған сапардан бұрын Ким Чен Ын қызы екеуі әскери кемеден ядролық заряд алып ұша алатын қанатты зымырандарды сынау барысын бақылады. Сол кезде ол елдің әскери-теңіз күштерін ядролық қарумен жабдықтау ісін тездету қажет екенін айтқан болатын.
Таяуда Солтүстік Кореяда 600 миллиметрлік ірі калибрлі реактивті зымыран қондырғылары партияның алдағы тоғызыншы съезіне орай әскерге табысталғанын жазған болатынбыз.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







