Желтоқсан көтерілісі кезінде Ішкі істер министрінің орынбасары Мұрат Қалматаев қазақ жастарына ара түсіп, бір кісідей қиянат көрді, деп жазады Ertenmedia.kz.
1986 жылдың Желтоқсан оқиғасы басталғанда алаңға шыққан жастарды бастапқыда шынымен тәртіп бұзған шығар деп ойлағанмын. Бірақ кез келген құқық бұзушылықтың заңды жазалау жолдары бар еді. Ал ол кезде жазалаудың ең сорақы әрі дөрекі тәсілі қолданылды.
Алаңға шыққан жастарды солдаттар аяусыз соққының астына алды. Жігіттерді ғана емес, қыздарымызды да шашынан сүйреп, шешіндіріп, мұзға жатқызып қойды. Олар басын көтере бергенде, дубинкамен ұрып, есінен тандырып отырды.
Бұл қатыгездікке шыдай алмай, Мәскеуден келген Кеңес Одағы Ішкі істер министрінің орынбасарына қарсы шықтым. Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің екінші хатшысына барып: «Мынау не сұмдық? Бұларды тоқтатпайсыздар ма? Фашистердің өзі бұлай істемеген. Егер олар кінәлі болса, сот шешсін, заңмен жазаласын!» дедім.
Сонда әлгі хатшы мырс етіп күліп: «Егер саған соларға жаның ашып бара жатса, үйіңнен көрпе-жастық әкеп, астына төсеп қой, сонда жылы жатар», – деп мысқылдады. Бұл сөзді естігенде қырық жылдық коммунистік сенімім бір сәтте күйреді.
Сол тұста маған жоғарыдан «алаңда 400 әскери қызметкер жараланды» деген ақпаратты радиодан хабарлау тапсырылды. Сенбей, анық-қанығын білмек болып госпитальға бардым. Барсам, басы-қолы таңылған әскерилер лық толып тұр екен.
Ішінен біреуін шақырып алып, қаламымды ұсынып едім, «қолы сынған» солдат шап беріп ұстап алды. Шынында, қолы сынған адамның саусағы икемге келмеуі тиіс қой. Бас дәрігерден рентген суреттерін сұрасам, ондай ештеңе жоқ болып шықты. Әлгінің қолын шештіріп қарасам, еш жарақат көрінбеді.
Басы жарылды деп таңылған бір орыс солдатын да шешіндіріп тексергенімде, бір бөрітпе де табылмады. Сөйтіп, госпитальдағы жалған жараланған 200 әскерді сол түні түгел шығартып жібердім.
Осы әрекетім Мәскеудің құлағына жеткен соң, үстімнен арыз-шағым көбейіп, дау-дамай басталды. Ақыры Желтоқсан көтерілісі басылғаннан кейін Мәскеуден менің Қазақстанда тұруыма тыйым салынып, бір күннің ішінде Ауғанстанға айдап жіберді. Ол кезде 50 жаста, тіпті немерем бар еді. Сөйтіп, амалсыздан Ауған соғысына аттанып кете бардым, деп еске алады Мұрат Қалматаев.
Экономист Расул Рысмамбетов қазақ элитасының Дубайға ұмтылысы тұрмыстық жайлылықпен, климатпен немесе сәнмен байланыстырмайтынын ашып айтты.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

