Қазақстанның Silk Way Star музыкалық жобасындағы Әзірбайжан мен Армения арасындағы гуманитарлық диалог халықаралық медианың назарын аударды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Әлемдік медианарықтағы беделді корпорацияның бірі саналатын BBC 15 ақпан күні жарияланған аналитикалық мақаласын жариялады. Онда Армения мен Әзірбайжан арасындағы қақтығыстан кейінгі бейбіт келісімді талдап, мәдени-гуманитарлық шаралардың рөліне ерекше тоқталды.
Осы орайда қазақстандық Silk Way Star халықаралық музыкалық жобасындағы ерекше эпизод мысал ретінде келтірілді. 2025 жылдың қараша айында Астана төрінде өткен байқауда әзірбайжандық әнші әрі қазылар алқасының мүшесі Самира Эфенди армениялық орындаушы Саро Геворгянға ең жоғары баға беріп, оны көпшілік алдында құшақтаған еді.
BBC бұл әрекетті ұзақ уақыт жалғасқан қақтығыстан кейін жасалған ерекше қадам әрі екі ел қоғамының бір-біріне қарай бет бұруының маңызды белгісі ретінде сипаттайды. «Әрине, мұндай әрекет теріс пікірлер тудыруы мүмкін екенін түсіндім. Бірақ мен үшін диалог орнатудың алғашқы қадамын жасау маңызды болды», – дейді Самира Эфенди.
Айта кетейік, бұл символикалық оқиға Қазақстан жерінде, бейтарап алаңда өтті. BBC Қазақстан бейбіт келіссөздер мен мәдени-гуманитарлық диалогтарды жүзеге асыратын маңызды алаңға айналғанын атап өтті.
Естеріңізге сала кетейік, Silk Way Star жобасы Қазақстан Республикасы Президентінің Телерадиокешені мен Қытайдың China Media Group (CMG) медиакорпорациясы арасындағы келісім негізінде ұйымдастырылған.
Контекст
Жобаның финалдық кезеңі Jibek Joly телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіліп, оған миллиондаған көрермен куә болды. Сонымен қатар байқауды Әзірбайжан, Тәжікстан, Қырғызстан және Моңғолия елдерінің телеарналары да тікелей трансляциялаған.
Осылайша, қазақстандық Silk Way Star жобасы ән мен өнер арқылы әлемдік саясатта ұзақ уақыт бойы бір-біріне қарсы болып келген Армения мен Әзірбайжанды татуластыруға сеп болды. Бұл – мәдениет пен өнердің саяси шиеленісті шешудегі рөлін тағы бір рет дәлелдеп отыр.
Астанада өткен Silk Way Star вокалдық жобасы көрермендер тарапынан үлкен қолдауға ие болғанын тілішілеріміз жазған болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

