ҚазҰУ-дің Шығыстану факультетінің деканы Мырзахан Егембердиев Конституция жобасының жариялануы елдің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды оқиға болды деп бағалады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Бұл құжат Қазақстанның болашақ дамуын, мемлекеттік басқарудың сипатын және азамат пен мемлекеттің жаңа қарым-қатынасын айқындайтын іргелі негіз ретінде қабылдануда. Әсіресе қоғамда ұзақ уақыт бойы талқыланған әділеттілік, теңдік, ашықтық және адам құқықтарын қорғау мәселелеріне нақты жауаптар беруге ұмтылған.
Ең алдымен, жаңа Конституция жобасын дайындау процесінің өзі оң бағалауға лайық. Құжаттың әзірленуі ашықтық қағидатына негізделіп, оған азаматтар, сарапшылар, ғылыми қауымдастық пен қоғамдық ұйымдар белсенді атсалысты. eGov және e-Otinish платформалары арқылы мыңдаған ұсыныстардың қабылдануы мемлекеттік органдар мен халықтың өзара диалогының жаңа деңгейге көтерілгенін көрсетеді. Бұл тәжірибе елімізде құқықтық реформалардың жоғарыдан төменге қарай емес, қоғамның белсенді қатысуымен жүзеге асырылып жатқанын дәлелдейді. Мұндай тәсіл Конституцияның қоғамдық беделін арттырып, халықтың оған деген сенімін күшейтері сөзсіз.
Жаңа Конституция жобасының мазмұнына келсек, оның басты ерекшелігі адам құқықтары мен бостандықтарын мемлекеттің ең жоғары құндылығы ретінде нақты бекітуінде болып отыр. Адам өмірі, құқықтары мен қадір-қасиеті мемлекеттің негізгі басымдығына айналуы құқықтық мемлекеттің шынайы іске асуына жол ашады. Бұл норма декларация күйінде қалмай, мемлекеттік саясаттың барлық саласында басты өлшемге айналуы тиіс. Осы тұрғыдан алғанда жаңа Конституция Қазақстанды азаматтарға қызмет ететін мемлекет моделіне жақындатады.
Сонымен қатар жобада саяси жүйені жаңғырту бағытында бірқатар маңызды өзгерістер ұсынылған. Парламенттің құрылымы қайта қаралып, оның өкілеттіктері нақты айқындалған. Бұл заң шығару процесінің сапасын жақсартып, парламенттің қоғам алдындағы жауапкершілігін күшейтеді. Нәтижесінде мемлекеттік шешімдер ашық әрі түсінікті бола түседі, бұл өз кезегінде азаматтардың сенімін нығайтады.
Адам капиталы мемлекеттің басты байлығы
Жобада ұсынылған Халық Кеңесін құру бастамасы да ерекше атап өтуге лайық. Бұл институт қоғам мен билік арасындағы тұрақты диалог алаңына айналып, азаматтардың ұсыныстары мен бастамаларын мемлекеттік деңгейде жүйелі түрде талқылауға мүмкіндік береді. Халық Кеңесінің қызметі қоғамдық пікірді ескеруге, әлеуметтік маңызы бар мәселелерді уақытылы анықтауға және оларды шешудің тиімді жолдарын табуға ықпал етпек. Мұндай механизм азаматтық қоғамның белсенділігін арттырып, демократиялық мәдениетті нығайтады.
Вице-президент лауазымын енгізу ұсынысы мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттырудағы маңызды қадам ретінде бағаланады. Бұл институт биліктің тұрақтылығын қамтамасыз етіп, атқарушы биліктің жұмысын жетілдіруге мүмкіндік береді. Сонымен бірге мемлекеттегі өкілеттіктер мен жауапкершіліктер нақты бөлініп, басқару жүйесі нығая түседі.
Әлеуметтік-экономикалық даму мәселелеріне де жобада ерекше назар аударылған. Адам капиталы, білім, ғылым және инновация мемлекеттің басты стратегиялық басымдықтары ретінде белгіленген. Бұл Қазақстанның ұзақ мерзімді дамуына оң ықпал ететін шешім болып табылады. Жастардың әлеуетін толық пайдалану, әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету және экономиканы тұрақты дамытуға жағдай жасалады.
Цифрлық құқықтар мен ақпараттық қауіпсіздік мәселелерін конституциялық деңгейде бекіту заманауи талаптарға толық сәйкес келеді. Қазіргі цифрландыру кезеңінде азаматтардың жеке деректерін қорғау, ақпаратқа қол жеткізу теңдігін қамтамасыз ету және цифрлық ортада құқықтарды сақтау өте маңызды. Бұл нормалар Қазақстанның құқықтық жүйесін халықаралық үрдістермен үйлестіріп, жаңа технологиялардың қоғамға пайдалы қызмет етуіне мүмкіндік береді.
Жаңа Конституция жобасы Қазақстанның демократиялық дамуын жаңа деңгейге көтеретін, құқықтық мемлекет пен азаматтық қоғамды нығайтатын құжат ретінде қабылданып отыр. Ол қоғам сұранысы мен заман талабын ұштастырып, ұлттық мүддені нақты ескерген. Осылайша жаңа Конституция әділетті, ашық және тұрақты Қазақстанды құруға берік негіз қалайды және болашақ ұрпаққа құқықтық әрі саяси тұрақтылықтың кепілі бола алады.
Мырзахан Егембердиев,
Шығыстану факультетінің деканы
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

