Ақордада UAE SWAT Challenge-2026 халықаралық жарысында ел намысын абыроймен қорғаған командаларды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен салтанатты марапаттау рәсімі өтті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Президент жеңімпаздарды шын жүректен құттықтап, қазақ жауынгерлерінің әлемдік деңгейдегі тартысты додада көрсеткен ерік-жігері мен кәсіби шеберлігін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, әлемнің 48 мемлекетінен 100-ден астам команданың арасынан топ жару еліміздің қорғаныс қабілеті мен ұлттық рухының жоғары деңгейде екендігінің айқын дәлелі.
– Намысты қолдан бермей, қиындықты жеңіп шықтыңыздар! Байрағымыз көкте желбіреді, еліміздің беделі асқақтады. Халық сіздерді мақтан етеді. Дубайда өткен бұл халықаралық жарыста үздіктердің үздігі атану – кездейсоқ емес, қажырлы еңбек пен табанды жаттығудың нәтижесі. Өткен жылы Қазақстан құрамасы екі күміс жүлде еншілесе, биыл «Қазақстан С» командасы абсолютті чемпион атанып, тарихи жеңіске қол жеткізді. Бұл – барша қазақстандықтар үшін мақтаныш, – деді Президент.
Мемлекет басшысы «Қазақстан А» командасының екінші орынды иеленуін де зор жетістік ретінде бағалады. Сондай-ақ, жарыста ерекше көзге түскен «Томирис» қыздар құрамасына айрықша тоқталып, олардың әйелдер арасында үздік атанғанын жоғары бағалады.
– Біздің батыл қыздарымыз шеберлік пен табандылық танытып, әлем жұртшылығына қазақ әйелдерінің рухы мен күш-жігерінің мықты екенін көрсетті. Жарысқа қатысқан бес командамыз да үздік 20 құраманың қатарына енді. Бұл – отаншылдық пен кәсіби даярлықтың жоғары деңгейі. Сіздердің жеңістеріңіз арқылы бүкіл әлем Қазақстанның қайсар, батыл әрі бірлігі жарасқан ел екеніне көз жеткізді. Барлық жаттықтырушылар мен әскери мамандарға шынайы алғысымды білдіремін, – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент бүгінгі күрделі геосаяси жағдайда әскери-күштік құрылымдардың әрдайым жоғары дайындықта болуы ел қауіпсіздігі үшін аса маңызды екенін жеткізді. Сондықтан мемлекет күштік құрылымдарды технологиялық жаңғыртуға және әскери қызметкерлердің кәсіби дайындығын нығайтуға баса назар аударып отыр.
– Қазір Қазақстан ауқымды өзгерістер кезеңінде тұр. 15 наурызда өтетін жалпыхалықтық референдум – тарихи жауапкершілігі мол қадам. Жаңа Конституция жобасында егемендік, тәуелсіздік, жер тұтастығы мен азаматтардың құқықтары ең жоғары құндылық ретінде белгіленген. Сондықтан күштік құрылымдар мемлекеттің тұрақтылығы мен халық бірлігінің негізгі тірегі болуға тиіс. Біздің алдымызда тұрған бір ғана мақсат – болашақ ұрпаққа дамыған әрі қуатты мемлекет қалдыру, – деді Мемлекет басшысы.
Жиын соңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен UAE SWAT Challenge-2026 жарысының жеңімпаздары мен жүлдегерлері Бауыржан Момышұлы атындағы ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен, «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен және Қазақстан Республикасы Президентінің Алғысымен марапатталды.
Салтанатты рәсімде жеңімпаз командалардың атынан Нұрсұлтан Сапаров, Дарина Билденова, Максим Бухметов және Наталья Местоева сөз сөйлеп, Мемлекет басшысына көрсеткен қолдауы үшін алғыстарын жеткізді. Бұл жеңіс елдің рухын көтеріп қана қоймай, әскери қызметшілердің кәсіби дайындығын нығайтуға қосымша серпін берері анық.
Соңғы кезде АҚШ-қа виза алу қиындайды деген әңгіме желдей есіп жүр. Уашиңтонның еліміздегі елшісі Жули Стаффт мұның уақытша дүние екенін айтып, қоғамды сабырға шақырды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

