Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиевтің төрағалығымен жаңа Конституция жобасын талқылау жөніндегі алқа отырысы өтті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жиынға мемлекеттік және құқық қорғау органдарының жетекшілері, мәслихат депутаттары, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері ұатысты. Бұдан басқа зиялы қауым, университет ректорлары, бизнес-қоғамдастық пен БАҚ өкілдері де болды. Ал аудан әкімдері жиынға селекторлық режимде қосылды.
Аймақ басшысы Нариман Төреғалиев жаңа Конституцияны қабылдау «Әділетті Қазақстан» қағидатын жүзеге асыру жолындағы аса маңызды тарихи қадам екенін атап өтті.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған конституциялық реформа еліміздің даму бағыттарын айқындайды. Конституциялық комиссия жұмысы ашық жүргізіліп, ұсынылған өзгерістер халықтың талқысына шығарылды. Сондықтан бұл құжатқа қатысты талқылаулар терең әрі сындарлы болуы тиіс, – деді облыс әкімі.
Жиында облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Бауыржан Атауов заң шығару бастамасы құқығына ие жаңа институт – Халық Кеңесінің құрылуы азаматтық қоғам әлеуетін арттыратынын жеткізді.
ҚР Президенті жанындағы Ұлттық құрылтайдың мүшесі, журналист Бауыржан Ғұбайдуллин жаңа Конституцияда вице-президент лауазымын енгізгенін айтты. Содай-ақ, ол жаңа лауазым иесінің өкілеттігін атқару кезеңінде ешбір партия құрамында болмауын міндеттеу партиялардың тең дәрежеде дамуына және өзара бәсекелестікті арттыруға ықпал ететінін атап өтті.
«AMANAT» партиясы облыстық филиалының атқарушы хатшысы Азамат Сафималиев пен Қазақстан Халық партиясы облыстық филиалының төрағасы Борис Лаврентьев те ойын ортаға слады. Олар жаңа Конституцияны талқылаудағы ашықтық пен халықтың белсенді қатысуына оң баға беріп, тұрғындарды азаматтық жауапкершілік танытуға шақырды.

Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетінің проректоры Жанар Досқазиева сөз сөйледі. Ол жаңа Конституцияда азаматтардың жеке деректерін цифрлық ортада қорғау нормаларының енгізілуі Ата Заңның уақыт талабына сай өзгеріп жатқанын көрсетеді деп санайды.
Жиын соңында облыс әкімі Нариман Төреғалиев жауапты мекемелерге Конституция жобасын халыққа жан-жақты түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Сонымен қатар қоғам өкілдерін осы маңызды саяси процеске белсене қатысуға шақырды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

