Қазақстанда Наурыз мерекесіне орай 13-23 наурыз аралығында республикалық деңгейдегі «Nauryz Sale» акциясы өтеді деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Аталған шара отандық өндірушілерді қолдап, ішкі сауданы жандандырып, халыққа мерекелік көңіл-күй сыйлау мақсатында ұйымдастырылмақ.
Акция барысында елдегі сауда нысандары азық-түлік және азық-түлікке жатпайтын тауарларға 10-нан 70 пайызға дейінгі жеңілдіктер ұсынады. Арнайы навигация, брендтелген мерекелік белгілер, тақырыптық бағалар мен жарнамалық материалдар арқылы тұтынушылар акциялық өнімдерді оңай таба алады.
Сауда және интеграция министрлігінің хабарлауынша, шараға ел аумағындағы 300-ге жуық сауда субъектісі қатысады. Оның ішінде 140 сауда үйі мен ойын-сауық орталықтары, 140 сауда желісі және 20 электронды сауда алаңы бар.
Акцияны елдегі Magnum, Small, Galmart, «Анвар», «Дина», Toimart, «Астықжан», «Аян», Greenwich секілді ірі сауда желілері қолдап отыр. Сондай-ақ Mega Silk Way, Keruen, Keruen City, «Аружан», «Сарыарқа», Shymkent Plaza секілді ірі сауда орталықтары да қатысады.
Науқанның миссиясы
«Nauryz Sale» акциясының негізгі бағыты қазақстандық өндірушілерді қолдау. Сауда орталықтарында арнайы алаңдар ашылып, отандық өнімдер нарықтық бағадан шамамен 10-20% төмен бағада ұсынылады.
Сауда орталықтарында интерактивті ойын-сауық бағдарламалары ұйымдастырылмақ. Елдегі ірі сауда орталықтарында ұлттық нақышта безендірілген фотозоналар орнатылады. Онда дәстүрлі қазақ киімдерін киіп, фотосуретке түсуге болады.
Жоба серіктесі ретінде ұлттық киімдер дүкені – «Тәрбие» таңдалған. Ұлттық нақыштағы фотозоналар еліміздің бірқатар қалаларында: Ақтауда – Saya Mall, Петропавлда – Dostyk Mall, Ақтөбеде – Keruen City, Астанада – Keruen City Astana, Атырауда – Infinity Mall, Түркістанда – Turan Mall, Алматыда – Dostyk Plaza, Шымкентте – Shymkent City Mall сауда орталықтарында орналасады.
Сонымен қатар, Сауда және интеграция министрлігі сауда кәсіпорындары арасында цифрлық шешімдерді енгізуге бағытталған Sauda in Digital Nauryz республикалық байқауын жариялады. Конкурс 13-20 наурыз аралығында өтіп, сауда объектілерін цифрлық әдістер арқылы ерекше безендіруге шақырады.
Қатысушылар Instagram желісінде #saudadigitalnauryz хэштегімен бейнеролик жариялап, Сауда және интеграция министрлігінің ресми парақшасын белгілеуі қажет.
Конкурс төрт номинация бойынша өтеді
-
«Үздік цифрлық безендіру»
-
«Үздік цифрлық құттықтау»
-
«Жасанды интеллектіні үздік пайдалану»
-
«Ең креативті Digital-жоба»
Жеңімпаздарды арнайы сарапшылар комиссиясы 20 наурызда анықтайды. Бағалау барысында креативтілік, жасанды интеллект технологиясын тиімді пайдалану, ұлттық ерекшелік пен аудиторияны тарту деңгейі ескеріліп, үздіктер арнайы марапатталады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







