Академик, бірнеше мәрте депутат болған Оразалы Сәбден Қазақстанның артта қалып қойған басты салаларын атады деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Ғалымның пайымынша, тәуелсіздік алғаннан бері Қазақстан ең алдымен инженерлерден айырылып, тұтас бір техникалық буыннан қол үзіп қалған.
«Жоғарғы Кеңестің кезінде біз жаңа экономикалық саясатты қолға алған едік. Сондағы негізгі мақсат – өз өнімдерімізді шығарып, инженерлердің әлеуетін арттыру арқылы елді технологиялық дамуға жеткізу болатын. Қазір сол инженерлер қайда кетті?
Кейбіреулер «ұрланған 200 миллиардты қайтарсақ, бәрі орнына келеді» дейді. Иә, ақша қайтарылар, бірақ одан да үлкен қателікке ұрындық қой. Біз отыз жылда техникалық мамандардан толық айырылдық.
Мемлекетті алға жетелейтін инженерлік ғылым. Президент Тоқаев былтыр министрлерге «инженер дайындаңдар» деп тапсырма берді. Бірақ инженер жоқ қой», – деді ол Асхат Асылбековке берген сұхбатында.
Назарбаев нені күйретіп кетті?
Оразалы Сәбден бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тұсында билік пен ғылым арасындағы алшақтық күшейгенін де ашық айтты.
«Экс-президент Назарбаев өзінің кезінде ақылды адамдардан, ғалымдардан қашатын. Зиялы қауымнан да алыстады. Егер олай болмаса, Ғылым академиясын жабу деген мәселе туындамас еді. Академияны тарату – ұлттың болашағына балта шабу. Елдің ертеңін Президент те, Үкімет те жалғыз өзі жасай алмайды. Болашақты болжайтын – ғалымдар. Назарбаевтың ғылымға деген көзқарасы нашар болды. Ғылым академиясын енді ғана қайта қалпына келтіріп жатырмыз», – деді академик.
Оның айтуынша, Назарбаев билігі кезеңінде қазақтың зиялы қауымына қысым жасалған кездер де болған.
«Ғалымдарға, ғылымға бірінші президенттің көзқарасы дұрыс болмағанын сол кезде де ашық айттық. Кезінде бір топ ғалым бірігіп, «Біз енді үнсіз қалмаймыз» («Больше не будем молчать») деген мақала жариялағанбыз. Сонда ғалымдар Қазақстанның дамуына демократиялық бағыт керектігін айтқан еді. Өйткені ғалымдар болашақта не болатынын алдын-ала көріп отырады. Мәселе осыдан басталды», – дейді ол.
Экс-елбасы ғалымдарды неге мойындамайды?
Сәбден астананы Алматыдан Ақмолаға көшіру кезінде де зиялы қауымның пікірі ескерілмегенін, ғалымдармен кеңесу жасалмағанын еске алды.
«Елорда мәселесі алғаш көтерілгенде Жоғарғы Кеңестің Президиумы талқылады. Президиумда барлығы 13 адам едік. Президент бұл мәселені көтергенде, біздің көзқарасымыз ашық болатын, ешкімнен қаймықпайтынбыз. Сонда біраз адам қолдады, ал басқалары халықтың тұрмысы ауыр кезде көшу мәселесін кейінге қалдыруды ұсынды. Сол кезде президенттің ғылымға және ғалымдарға деген немқұрайлы көзқарасы анық байқалды. Өйткені Алматыдан көшкенде бірінші кезекте зиялы қауымнан, ғалымдардан алыстайтыны белгілі еді. Бұл саяси тұрғыдан үлкен салдары бар шешім болды», – деп түйіндеді академик.
Айта кетелік, бұған дейін Оразалы Сәбден «Назарбаевтың билігіне баға беретін жұмыс тобын құруды ұсынған» болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

