Жаңа ғылыми зерттеу нәтижелері адам миының энергияны пайдалану тиімділігі жасанды интеллект жүйелерінен әлдеқайда жоғары екенін дәлелдеп берді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Қазіргі таңда адамзат тарихындағы ең күрделі технология саналатын жасанды интеллект дамудың орасан зор қарқынына қарамастан, табиғаттың қарапайым әрі ғажайып құрылымы адам миынан әлі де аса алмай отырғанын көрсетті.
Он екі ваттық ғажайып
Ғалымдардың есебінше, адам миының жұмысына бар болғаны 12 ватт энергия жұмсалады екен. Бұл дегеніңіз шағын жарықдиодты шамның тұтынатын энергиясына пара-пар көрсеткіш.
Ал осыған ұқсас ойлау, шешім қабылдау процестерін атқару үшін жасанды интеллект жүйелері шамамен 2,7 миллиард ватт электр қуатын қажет етеді. Мұны қарапайым тілмен айтсақ, бір мезетте 18 миллион ноутбукты қатар қосып жұмыс істеткенмен бірдей екен. Табиғаттың «инженерлік шешімдері» осыншалық тиімді екенін бұл деректен анық байқауға болады.
Ғалымдар бұл энергия айырмашылығы «нағыз жалпы интеллект» (AGI), яғни адам секілді еркін ойлап, кез келген жағдайға бейімделе алатын жасанды ақыл-ой жасау не себепті әлі де қолжетпес арман болып отырғанын түсіндіреді.
Зерттеушілердің бірі бұл туралы: «Адам миы тек деректерді есептеп қана қоймайды. Ол сезінеді, үйренеді және әрекет етеді. Осының бәрін кішкентай шам тұтынатын қуатпен атқарады. Ал жасанды интеллект әзірге мұндай қабілеттен алыс», – деп пікір білдірді.
Жасанды интеллектіні үйретудің өзі де зор энергияны қажет етеді. Мысалы, OpenAI компаниясы ChatGPT-3 моделін үйреткен кезде, бір жыл бойы АҚШ-тағы 130 үйге жететін электр энергиясы жұмсалған. Оның үстіне бұл энергия тұтыну процесі тек модельдерді жасаумен тоқтамайды. Қазір сурет, мәтін немесе видео жасауға арналған жасанды интеллект құралдары қолданысқа енген сайын, әлемнің түкпір-түкпіріндегі дата-орталықтардағы энергия шығыны еселеп артып отыр.
Жасанды интеллектінің қоршаған ортаға зияны тек электр қуатын тұтынумен шектелмейді. Үлкен деректер орталықтарын салқындату үшін орасан зор мөлшерде су қажет етеді. Мамандардың дерегіне сәйкес, кейбір дата-орталықтар бір күнде 4200 америкалық тұрғын тұтынатын судың мөлшерін жұмсайды. Сондықтан, жасанды интеллектінің экологиялық әсері туралы мәселе өте өзекті болып барады.
Жасанды интеллект саласы соңғы жылдары елеулі жетістіктерге жеткені рас. Қазір компьютерлік жүйелер адамның бет-әлпетін тани алады, әндер шығарады, түрлі тілдерге аударма жасайды, тіпті ауруларды алдын ала болжай алатын деңгейге жетті. Бірақ соған қарамастан, жасанды жүйелер мен адам миының энергия пайдалану тиімділігі арасындағы үлкен айырмашылық олардың әлі де болса негізгі кемшілігі болып қала береді.
Адам миында шамамен 100 миллиард нейрон бар, олар бір-бірімен тығыз байланысып, үнемі ақпарат алмасып отырады. Осындай өте күрделі процесті ол телефон қуаттағышынан да аз энергия жұмсай отырып атқарады. Ал компьютерлік жүйелер ақпаратты қатаң белгіленген логикалық алгоритмдермен өңдейді, соның салдарынан аса көп энергия тұтынады.
Blue Brain есебі
Швейцариядағы Blue Brain жобасы бір адамның ойлау процесін компьютерде толық модельдеу үшін шамамен 2,7 миллиард ватт энергия қажет екенін есептеп шығарған. Демек, биологиялық ақыл-ой цифрлық машиналардан миллиондаған есе тиімдірек екені дәлелденіп отыр.
Ғалымдардың айтуынша, бұл тиімділіктің сыры адам миының жұмысы цифрлық жүйелерге қарағанда анағұрлым икемді әрі бейімделгіш болуында. Компьютерлер ақпаратты дәл есептеуге тырысса, адам миы шамадан тыс дәлдікке ұмтылмай-ақ, «жеткілікті деңгейдегі» нәтижені оңай шығара алады. Бұл әдіс энергияны үнемдей отырып, адамның жылдам ойланып, жылдам шешім қабылдап, жаңа жағдайларға бірден бейімделуіне мүмкіндік береді.
Қазір осы табиғи әдісті пайдалана отырып, адам миына ұқсас «нейроморфтық компьютерлерді» жасау жұмыстары басталды. Бұл технологиялық шешім арқылы жасанды интеллект энергияны әлдеқайда аз тұтынатын, сонымен қатар анағұрлым жылдам әрі икемді бола алады деп күтілуде. Мамандардың пайымынша, бұл технология жасанды интеллектінің болашағына жасалған маңызды қадам болмақ.
Сонымен қатар, жасанды интеллект пен адам ақыл-ойы арасындағы тағы бір маңызды айырмашылық – «эмбодимент» немесе физикалық орта мен дененің өзара байланысы. Профессор Антонио Дамасионың айтуынша, адам ақылы ми, дене және сыртқы ортаның бірлескен әрекетінің нәтижесінде қалыптасады.
«Ақыл – тек ойлау ғана емес, бұл қоршаған ортаңды сезіну, онымен қарым-қатынас жасау», – дейді Дамасио. Адамдар шахматта немесе математикалық есептеулерде жасанды интеллектке жол беруі мүмкін, бірақ креативтілік, эмоция және өмірлік жағдайларды түсіну жағынан жасанды интеллект әзірге адамға жетпейді.
Сонымен бірге адамзаттың жасанды интеллектіден тағы бір артықшылығы ұжымдық интеллект, яғни ынтымақтастық пен өзара байланыс. Бір адамның миы қаншалықты қуатты болса да, бірнеше адамның бірлескен жұмысы анағұрлым жоғары нәтижеге жетуге қабілетті.
«Ұжымдық интеллект» деп аталатын бұл феномен отбасынан бастап, халықаралық ғылыми қауымдастықтарға дейінгі әртүрлі топтардың ынтымақтастығы арқасында адамзат дамуының маңызды қозғаушы күші болып отыр. Сондықтан, жасанды интеллектінің қаншалықты дамығанына қарамастан, адамзат өзінің ұжымдық қуаты мен шығармашылық әлеуеті арқасында әлі де алда болатыны анық.
Президент Тоқаев әлемдік діндер съезінде «Біздің алдымызда таңдау еркіндігі мен жеке өмір құпиясын сақтау, цифрлық теңдік пен қауіпсіздік, жасанды интеллектіні пайдалану сияқты мүлдем жаңа әрі өзекті мәселелер тұр», – деген болатын.

