BMW компаниясы әлем бойынша жүздеген мың көлігін техникалық ақауға байланысты кері қайтарып жатыр, деп жазады Ertenmedia.kz.
Немістің әйгілі автоконцерні көлік қозғалтқышын іске қосу жүйесіндегі ақау салдарынан өрт шығу қаупі туындағанын мәлімдеді. Ақау 2020 жылдың шілдесінен 2022 жылдың шілдесіне дейін шығарылған көліктерге қатысты болып тұр.
Германияның өзінде 28 582 автокөлік кері қайтарылмақ. Жалпы әлем бойынша бұл кампания аясында шамамен 575 мың көлік шақыртылуы мүмкін деген ақпарат бар. Дегенмен, BMW басшылығы нақты санын және науқанға жұмсалатын қаржы көлемін жариялаған жоқ.
Компания өкілдерінің айтуынша, қозғалтқышты іске қосу жүйесіндегі соленоидты түйінде ұзақ уақыт пайдаланудан кейін шамадан тыс тозу пайда болады. Бұл қозғалтқыштың іске қосылуын қиындатады немесе мүлдем іске қосылмауына әкелуі мүмкін. Сонымен қатар, қысқа тұйықталу болып, стартердің қатты қызу қаупі бар.
«Ең қауіпті сценарий бойынша, бұл ақау көлік қозғалыста болған кезде өрт шығуына себеп болуы ықтимал. Жүріп бара жатқанда немесе көліктен шыққан сәтте түтін байқалып, күйік иісі шығуы мүмкін», – деп ескертті компания.
BMW көлік иелеріне қауіпті жағдайлардың алдын алу үшін қозғалтқыш қосулы тұрған көлікті қараусыз қалдырмауға кеңес берді.
Кері шақырту кампаниясы BMW 2 Series Coupe, 3, 4, 5 және 7 Series Sedan, сондай-ақ 6 Series Gran Turismo, X4, X5, X6 және Z4 модельдеріне қатысты болып отыр. Әсіресе, 2020-2022 жылдар арасында шығарылған немесе сол кезеңде жөндеуден өтіп, іске қосу жүйесі ауыстырылған көліктер ерекше қауіп аймағында.
Бұл BMW үшін бірінші жағдай емес. Бұған дейін 2025 жылдың қыркүйегінде компания 2015-2021 жылдар аралығында шығарылған автокөліктерді дәл осындай себеппен кері шақыртқан еді. Алдыңғы кампаниядағы ақау ылғалдың салдарынан пайда болған коррозияға байланысты болса, бұл жолғы себеп детальдардың физикалық тозуы. Бұрынғы кампанияда өрт шығу қаупі қозғалтқыш тоқтап тұрғанда байқалса, бұл жолы көлік қозғалыс үстінде немесе қозғалтқыш жұмыс істеп тұрған кезде орын алуы мүмкін.
Бұған дейін тілшілеріміз қытайлық Zeekr компаниясы ла 38 мың автокөлікті нарықтан кері қайтаруға шешім қабылдағанын жазған болатынбыз. Бұған батареядан шыққан ақау себеп болған.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

