Шымкентте қаскөйдың қолынан қаза тапқан қыздың шағымын елемеген полицейлерге қарсы қылмыстық іс қозғалды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Бұл туралы Сенат дәлізінде Ішкі істердің орынбасары Санжар Әділов мәлім етті. Айтуынша, қызметтік міндетін дұрыс орындамаған тәртіп сақшылары сол күні-ақ жұмыстан қуылған, істі жылы жапқысы келген қызметкерлердің үстінен сол мезетте-ақ іс қозғалған.
«Шымкент қаласы полиция департаментінің бастығы, оның орынбасары және басқарма басшысы сол күннің өзінде тәртіптік комиссия шешімімен қызметтен босатылды.
Зардап шеккен азаматшаның, оның отбасының арызына атүсті қарап, тартпаға тастай салған қызметкерлер де теріс себеппен жұмыстан шығарылды.
Сол күні-ақ Ішкі қауіпсіздік департаментінің қызметкерлері Шымкентке арнайы іс-сапармен барып, немқұрайлылық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады», – деді Әділов.
Айта кету керек, қызметінен кеткендердің арасында Шымкент қалалық полиция департаментінің басшысы Нұрлан Алмасбеков пен оның бірінші орынбасары Құрманбек Сахов бар. Бізге жеткен мәлімет бойынша марқұм Нұрайдың жанайқайына селт етпей, арызына назар аудармаған Қаратау ауданы полициясын ауыр жаза күтіп тұр.
Тоқаев не деп еді?
Бұған президент Тоқаев Ұлттық құрылтайдағы сөзі түрткі болғаны сезіліп тұр. Мемлекет басшысы Нұрай Серікбайдың өліміне алып келген фактырларды жіпке тізіп, полицияның әрекетіне қатысты арнайы тексеріс жүргізуді бұйырған. Үстелді тоқпақтаған Тоқаевтың пәрменінен кейін министр Сәденов осы іске назар аударған болатын.
Еске сала кетсек, Шымкентте 28 жастағы ер адам студент қызды пышақтап өлтірген.
Әлемжеліге тараған бейнежазбадан бойжеткеннің қашуға тырысқанын, бірақ күдіктінің оны қуып жетіп, соққыға жығып, пышақтап тастағаны анық көрінеді. Қаскөй көп ұзамай қаладан он шақырым жерде ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған.
Марқұмның ағасы қылмыскерді ең қатаң жазаға кесуді талап етіп отыр. Туыстарының айтуынша, күдікті жігіт қызға ұзақ уақыт бойы күн бермеген: әлемжеліден іздеп, оқу орнына келіп, құрбыларына хабарлама жіберіп, сабақ кестесін торуылдап жүрген.
Нұрай жігіттің қоқан-лоқы жазбаларының барлығын скриншот жасап, дәлел ретінде сақтаған екен.
«Сен мені түрмеге отырғыза алмайсың», – деп, күдікті қызды бірнеше рет ашық қорқытқан көрінеді. Осындай үздіксіз психологиялық қысымнан кейін қыздың өмірінен береке кеткен. Әрі қарайғы жағдайды білесіздер.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

