Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Созақ ауданына жасаған жұмыс сапары барысында Шолаққорған ауылдық округінде көптен күткен табиғи газ желілерінің іске қосылу рәсіміне қатысты, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Аймақ басшысы аудан тұрғындарын тарихи оқиғамен құттықтап, Созақ жеріне алғаш рет «көгілдір отын» келіп отырғанын ерекше атап өтті.
– Бүгін сіздермен бірге Қаратаудың етегінде тарихи сәттің куәгері болып отырмыз. Созақ ауданына газ құбыры тартылып, елдің ұзақ жылғы арманы орындалды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жақында Үкіметтің кеңейтілген отырысында ауылдық елді мекендерді сапалы инфрақұрылыммен қамтуды тапсырған болатын. Бүгінгі іс-шара – сол тапсырманың орындалуының нақты көрінісі, – деді облыс әкімі.
2025 жылы Түркістан облысында газбен қамту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіліп, 87 нысанның құрылысы қолға алынған. Соның ішінде 45 жоба аяқталып, 70 мың халқы бар 41 ауылдық елді мекен табиғи газбен қамтылды. Жалпы облыста бүгінде 606 елді мекенде 1,9 миллионнан астам адам газдың игілігін көріп отыр.

Созақ ауданында іске қосылған АГТС-ы бар магистральды газ құбыры – стратегиялық маңызы зор жоба. Бұған дейін облыстың барлық аудан-қалалары табиғи газбен қамтылса, Созақ ауданы бұл тізімге енбеген жалғыз аудан еді. Енді Шолаққорған ауылының 4600 тұрғын үйі табиғи газға қосылып, аудан халқының тұрмыс сапасы айтарлықтай жақсарады деп күтілуде.
Жалпы құны 4,1 млрд теңгені құраған бұл жоба 2019 жылы басталып, 2025 жылдың желтоқсан айында толық аяқталды. Құбырдың сағаттық қуаты – 30 000 м³. Алдағы уақытта ауданның өзге де елді мекендерін газбен қамту осы АГТС арқылы жүзеге асырылатын болады.
Салтанатты жиында сөз алған ауыл тұрғындары атқарылған жұмыстарға ризашылығын білдіріп, аймақ басшылығына және «QazaqGaz» АҚ-на алғыс айтты. Газ желілерін іске қосу рәсімінде ауылдағы алғашқы тұрғын үйге «көгілдір отын» беріліп, халық игілігіне пайдалануға ресми түрде жол ашылды. Бұл бастама экологиялық ахуалды жақсартып қана қоймай, кәсіпкерлік пен инвестиция тартуға да серпін береді деп күтілуде.
Түркістан облысында индустриялық-инновациялық даму аясында ірі инвестициялық жобалар қолға алынып, өңірдің экономикалық әлеуетін арттыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

