Түркістан облысында жылыжай шаруашылығы қарқынды дамыған сайын, экологиялық жауапкершілік мәселесі күн тәртібіне шығып отыр, деп жазады Ertenmedia.kz.
Қысқы маусымда жылыжайларды көмірмен жылыту тәжірибесінің кеңінен қолданылуы зиянды қалдықтардың артуына әкеліп, бұл өз кезегінде ауаның ластануына және халық денсаулығына кері әсерін тигізуде.
Осыған орай, облыс әкімі Нұралхан Көшеров Сарыағаш ауданында жылыжай шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлермен кездесіп, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету қажеттілігіне ерекше тоқталды.
Аймақ басшысы жылыжай бизнесінің тек табыс көзі емес, сонымен бірге үлкен жауапкершілік екенін атап өтті.
– Жылыжай шаруашылығы экономикалық жағынан өте тиімді сала болғанымен, экологиялық жауапкершілік бірінші орында тұруға тиіс. Көмірден бөлінетін улы қалдықтар қоршаған ортаны ластап, адамдардың денсаулығына қауіп төндіреді. Сондықтан әр кәсіпкер осы мәселеге жанашырлықпен қарап, заманауи технологияларды енгізіп, түтін сүзгілерін орнатуы және табиғи газға кезең-кезеңімен көшуі маңызды. Біз тек бүгінгі күннің пайдасын емес, келешек ұрпақтың денсаулығын да ойлауымыз керек, – деді Нұралхан Көшеров.
Қазіргі таңда Түркістан облысы республикадағы жылыжай шаруашылығының көшбасшысы саналады. Еліміздегі барлық жылыжайлардың 72 пайызы осы өңірде орналасқан. Облыста жалпы көлемі 1006,7 гектарды құрайтын 3366 жылыжай бар. Оның ішінде Сарыағаш ауданы көш бастап тұр – ауданда 2183 жылыжай жұмыс істейді. Дегенмен, олардың басым бөлігі көмірді отын ретінде пайдаланады.

Мамандар жылыжай шаруашылығының экологиялық зиянын азайту үшін түтін сүзгілерін орнатуды және біртіндеп табиғи газға көшуді ұсынып отыр. Бір гектар жылыжайға түтін сүзгісін орнату құны орташа есеппен 4-5 млн теңгені құрайды.
Бұл бағытта өңірде бірқатар шара қолға алынуда. Облыстық экология департаменті, табиғатты қорғау прокуратурасы, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы және «QazaqGaz» АҚ өкілдері бірігіп, жылыжай кәсіпкерлерімен бірнеше кездесу өткізді. Сонымен қатар, көрші мемлекеттердегі озық тәжірибелерді зерттеу мақсатында арнайы жұмыс сапарлары ұйымдастырылды.
Мемлекет тарапынан да жылыжай шаруашылықтарын қолдау жүйелі түрде жүзеге асып келеді. Әр гектар өндірістік жылыжайға 8,1 млн теңге, фермерлік жылыжайларға 4,8 млн теңге көлемінде субсидия беріледі.
Сонымен қатар, электр энергиясы, газ бен көмір шығындарының бір бөлігін өтеу мақсатында субсидиялар енгізілді. Бұдан бөлек, «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында жеңілдетілген несиелер беріле бастады. Қазіргі уақытта түтін сүзгілерін орнатуға 100-ден астам кәсіпкер өтінім берген.
Жалпы, Түркістан облысында жылыжай шаруашылығын дамыту экономикалық табыс әкелумен қатар, экологиялық талаптарды сақтауды да ескере отырып жүргізілуде. Бұл шаралар өңірдің тұрақты дамуына, халық денсаулығының жақсаруына және қоршаған ортаны қорғауға үлкен үлес қоспақ.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







