Кеше ғана 89 жасқа толған халықтың сүйікті әншісі Нұрғали Нүсіпжанов өз өмірінің ерекше кезеңдері айтты, деп жазады Ertenmedia.kz.
Өнер иесі бұл жазбасында өткен өміріне терең үңіліп, шығармашылық тағдырында ерекше із қалдырған тұлғаларды сағынышпен еске алды. Оның айтуынша, өмірдегі ең басты олжасы ұлы адамдардың тәрбиесі мен тәлімін көруі екен.
– Талант пен тағдыр тоғысқан талай алыптардың қасында жүріп, тәлім алдым. Алғашқы бақытым Ахмет Жұбановтың шәкірті атануым. Екінші бақытым Дінмұхаммед Қонаевтай дара тұлғаның ықыласына бөленуім. Үшінші бақытым студент кезімде Шәмші Қалдаяқовтың әндерін алғаш орындағандардың бірі болдым. Ал төртінші, еңселі бақытым Нұрғиса Тілендиевпен жарты ғасырдан астам достықта болдым, – деп тебіренді әнші өз жазбасында.
Нұрғали Нүсіпжанов Нұрғиса Тілендиевтің айтқан жылы сөздерін өміріндегі кез келген марапат пен атақтан биік қоятынын айрықша атап өтті. Сондай-ақ, өнер иесі өміріне шырақ болған осы асыл азаматтардың алдында өзін мәңгілік қарыздар санайтынын, оларды сирек туатын ғұламаларға теңейтінін жеткізді.
– Мен сол ағалардың аманатын арқалап қалған адаммын. Бақытымды да, бағымды да еңбектен тапқан ермін, еліммен біргемін жұртымның ортасындамын. Теңіз ойдың түбінен сөз маржанын терген серігім бар. Ауырғанда арқа сүйер, қиналғанда қалқан болар адамды бұйыртқан Аллаға тәубәмді қабыл алып, иманымды беріктегені үшін қарыздар қазақпын.
Бүгінім үшін Аллаға шүкір етемін, болашағым үшін де Аллаға тәуекел етемін. Қара орман қазағым аман болсын, Алла-Тағалам алты алашты іштегі даудан, сырттағы жаудан сақтағай. Менің барым да, нарым да өздеріңіз. Айналайын ағайындарым, тілеулестерімді іні, қарындастарым деп қабылдаған адаммын. Бір сөзбен айтқанда, мен халқыммен баймын, – деп жазды халық әртісі.
Өнер сүйер қауым әлеуметтік желіде әншіні туған күнімен құттықтап, ақжарма тілектерін жолдады.
Танымал әнші Тоқтар Серіков алғаш рет жұбайы Бейбіт Сейдуалиевамен қалай бас қосқаны туралы ашық айтты.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

