Нью-Йорк мэрі мен демократ-сенаторлар АҚШ-тың Венесуэлада жүргізген әскери операциясын қатаң сынға алды, деп жазады Ertenmedia.kz.
– Егемен елге қарсы біржақты шабуыл бұл соғыс жариялаумен тең және федералдық әрі халықаралық заңдарды өрескел бұзу. Режимді күшпен өзгерткісі келген мұндай әрекет тек шетелдегі адамдарға ғана емес, Нью-Йорк тұрғындарына да тікелей әсер етеді, – деп жазды Нью-Йорк мэрі Зохран Мамдани әлеуметтік желіде. Бұған дейін президент Дональд Трамп Венесуэла президенті Николас Мадуроның Нью-Йоркке жеткізіліп жатқанын хабарлаған еді.
Демократиялық партиядан сайланған сенаторлар мен конгрессмендер де Ақ үйдің әрекетін өткір сынап отыр. Сенатор Энди Ким АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Марко Рубио мен қорғаныс министрі Пит Хегсеттің бұрын Венесуэлада билік ауыстыру мүмкіндігін жоққа шығарған сөздерін еске алды. «Сол кезде де оларға сенбегенмін. Қазір олардың Конгреске ашықтан-ашық өтірік айтқанына көз жеткізіп отырмыз», – деді Ким.
Сенатор-демократ Рубен Гальего Ақ үйдің бұл әрекетін «менің өмірімдегі екінші негізсіз соғыс» деп бағалады. «Біз бір жыл өтпей жатып әлемдік полициядан әлемдік басбұзарға айналдық. Бұл – масқара жағдай», – деді ол.
Ал демократ-конгрессмен Джим Макговерн: «Конгрестің рұқсатын алмай және әскери әрекеттерге қарсы америкалықтардың басым көпшілігінің пікірін елемей, Трамп Венесуэлаға заңсыз әрі негізсіз соққы жасады», – деп мәлімдеді.
Өз кезегінде АҚШ президенті Дональд Трамп бұл айыптарды жоққа шығарып, Конгресті операция туралы алдын ала ескертпеу себебін ақпарат таралып кетеді деген күдікпен түсіндірді. Мемлекеттік хатшы Марко Рубио болса, Конгреске операция басталғаннан кейін хабар берілгенін мәлімдеді.
АҚШ президенті баспасөз мәслихатында 1823 жылғы «Монро доктринасының» маңызын қайта еске салды.
Вашингтоннан тікелей эфир: Айман Омарова талдайтын Венесуэла операциясы

