«Один дома» фильмінде басты кейіпкер Кевиннің анасының рөлін сомдап, қазақ көрермендерінің де жүрегін жаулаған әйгілі актриса Кэтрин О’Хара 71 жасында өмірден өтті, деп жазады Ertenmedia.kz.
«Голливудтың аты аңызға айналған актрисасы жұма күні Лос-Анджелесте дүниеден өтті. Әзірге өлімінің нақты себебі белгісіз», – делінген хабарламада.
Кэтрин О’Хара өзінің шығармашылық жолын 1970 жылдары бастап, көптеген телевизиялық жобалар мен фильмдерде бой көрсетті. Актриса әлемдік көрермендерге «Один дома» фильміндегі Кейт Маккалистер рөлі арқылы кеңінен танылды. Бұл фильм Қазақстанда да ерекше танымал болып, қазақ көрермендерінің сүйікті картиналарының біріне айналған еді.
О’Хара актрисалық өнерімен қатар, дыбыстаушы ретінде де танымал. Ол «Ночь перед Рождеством», «Цыпленок Цыпа», «Лесная братва», «Дом-монстр» және «Братец медвежонок» сынды мультфильмдердегі кейіпкерлерді дыбыстаған.
Актрисаның шығармашылығы көптеген беделді марапаттармен аталып өткен. Атап айтқанда, ол «Золотой глобус» (2021), екі рет «Эмми» (1982, 2020), сондай-ақ АҚШ киноактерлері гильдиясының екі мәрте премиясының (2021) иегері болды. Оның кинодағы жарқын бейнесі миллиондаған көрерменнің есінде мәңгі сақталмақ.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

