Батыс Қазақстан облыстық сотының апелляциялық алқасы Ресейдің 16 жастағы азаматы Тимур Турковты елден шығару туралы шешімнің күшін жойды. Өткен жылдың күзінде Қазақстанға келген жасөспірім Ресейге қайтарылған жағдайда өміріне қауіп төнетінін айтты, деп жазады Ertenmedia.kz.
Сот отырысына жасөспірімнің әжесі Валентина қатысып, немересінің Ресейге оралуы қауіпті екенін жеткізді.
«Ол Ресейге қайтса, өміріне қауіп төнеді», – деді ол сотта. Тимур Турков Қазақстанға өткен жылдың 12 қыркүйегінде Коми Республикасынан келген. Ол автостоппен жүріп, шекараны жаяу кесіп өткен. Айтуынша, шекарадан өткеннен кейін түнімен шамамен 17 шақырым жол жүріп, шекара маңындағы Астафьево ауылына жеткен. Сол жерде шекара қызметін шақыруды өтінген.
Жасөспірім «Махамбет» шекара бекетіне, кейін Орал қаласына жеткізіліп, арнайы әлеуметтік қызметтер көрсететін балалар орталығына орналастырылған. Кейін оған шекараны заңсыз кесіп өтті деген айып тағылған.
Өткен жылдың желтоқсан айында сот жасөспірімді Қазақстан аумағынан шығару туралы шешім қабылдап, елге бес жылға дейін кіруге тыйым салған және жарты жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындаған болатын.
Бұл шешімге қарсы Тимур Турков адвокатымен бірге апелляциялық шағым түсірді. Сонымен қатар прокуратура да оның Қазақстанда қалуына мүмкіндік беруді сұраған.
Айта кетейік, бұған дейін БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі арнайы баяндамашысы Мариана Кацарова Қазақстан Президентіне хат жолдап, Ресейдің Украинадағы соғысына және қоғамдағы милитаризацияға қарсылығын білдірген жасөспірімді депортацияламауды сұраған еді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







