Өскеменде бірқатар құрылыс компаниялары тұрғын үйлерді ешқандай рұқсат құжаттарынсыз тұрғызған. Заң талаптарын өрескел бұзған кәсіпорындардың әрекетін мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының мамандары анықтады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Тексеру қорытындысы бойынша сегіз ірі құрылыс компаниясына жалпы сомасы 177 миллион теңге айыппұл салынды. Сонымен қатар екі құрылыс фирмасы тұрғындарды заңсыз үлестік құрылысқа тартқаны белгілі болды. Олар әлі пайдалануға берілмеген тұрғын үйлер үшін пәтер сатып алушылардан алдын ала екі миллиард теңгеге жуық қаражат жинап алған.
– Барлығы 187 ұйғарым берілді. Негізгі заңбұзушылықтар – құрылыс-монтаждау жұмыстарының сараптамасыз басталуы. Құрылыс басталмай тұрып, жобалық құжаттама міндетті түрде ведомствоаралық мемлекеттік сараптамадан өтіп, құрылыс нормаларына сәйкестігі тексерілуі қажет еді, – деді ШҚО мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы басшысының орынбасары Самат Қайырдинов.
Енді жергілікті билік саладағы заңсыздықтарды жаңа Құрылыс кодексінің көмегімен реттеуді жоспарлап отыр. Аталған заң биылғы жылдың шілде айынан бастап күшіне енеді.
Жаңа құжатқа сәйкес, құрылыс саласында цифрлық реестрлер енгізіліп, жоба сараптамаларына қойылатын талаптар қатаңдатылады. Бұл құрылыс компанияларының жауапкершілігін арттырып, саладағы ретсіздіктерді азайтуға мүмкіндік бермек.
Айта кетейік, жаңа Құрылыс кодексіне Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған болатын. Бұған дейін аталған құжаттың негізгі өзгерістері туралы Қазақстанның Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Tengrinews.kz-ке берген сұхбатында айтып берген еді.
2026 жылдың наурыз айы халық үшін ерекше жомарт болып, бірнеше ұзақ демалыс күндерін сыйлайды. Оны осы жерден білесіз.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

