Өзбекстан энергетика секторындағы реформаларын тереңдетіп жатқан тұста Түркиямен әріптестікті күшейтуге баса көңіл бөліп отыр, деп жазады Ertenmedia.kz.
Өзбекстанның энергетика министрі Жорабек Мырзамахмұдов «Анадолу» агенттігіне берген сұхбатында айтты. Оның айтуынша, бірлескен жұмыс тек бір жобамен шектелмейді, мұнда тізбек түгел қамтылған. Энергеияны өндіру, генерация, инфрақұрылым салу, әрі қарай аймақтық энергетикалық жүйелерге кіріктіруге дейін толық қамтылған.
Мырзамахмұдов Түркияның тәжірибесін ерекше атап өтті. Өзбекстан энергетикалық нарықта реттеуші орган құру секілді реформаларға кіріскенде Анкара қолдау көрсеткенін айтты.
Түрік компаниялары Өзбекстандағы алғашқы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларына ерте кіріп, нақты жобаларға жауапкершілік алған. Соның ең айқын мысалы ретінде Самарқанд облысындағы тарату желілерін басқару және жаңғырту бойынша халықаралық тендерді түрік компаниясының ұтып алғанын еске алды.
Бұл елдегі жеке операторға берілген алғашқы ауқымды жоба ретінде сипатталды.
Министрдің уәжі қандай?
Министрдің сөзінен түрік компаниялары Өзбекстанда тек мердігер ретінде емес, толық циклды ойыншы ретінде өзін көрсетуде. Олар инженерлік шешімнен бастап, сатып алу, құрылыс және іске қосу жұмыстарына дейін қатысқан.
Энергетикалық инфрақұрылым дамып жатқан ел үшін бұл маңызды. Өйткені жаңа станция салу бір бөлек, оны желіге дұрыс қосып, шығынды қысқартып, тұтынушыға тұрақты жеткізу одан да күрделі.
2025 жылдың желтоқсанында Стамбұлда өткен Түркі мемлекеттері ұйымының энергетика министрлері кеңесінің 5-отырысында энергожелілерді интеграциялау және Түркияның транзит әлеуетін пайдалану мәселелері қаралған.
Осы контекстте «жасыл дәліз» жобасы да аталды. Әзірбайжан, Қазақстан және Өзбекстан бастаған бастамаға Қырғызстан да қызығушылық танытып отыр. Өйткені ол жаңартылатын энергиясын экспорттап қана қоймай, өз жүйесін ірі аймақтық нарықтарға қосуды көздейді.
Мырзамахмұдов бұл тақырып бойынша Түркиямен келіссөздер жалғасып жатқанын айтты және Анкараның транзиттік мүмкіндігі мен Еуропа нарықтарына шығу жолы жобаның тартымдылығын күшейтеді деген ойды жеткізді.

