ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов Абай облысына жұмыс сапары барысында өңірдегі индустриялық және әлеуметтік жобалардың іске асырылу барысымен танысып, Мемлекет басшысы берген тапсырмалардың орындалуын тексерді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Сапар барысында Премьер-министр өңірдегі ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, тігін өндірісін дамыту және әлеуметтік инфрақұрылымды жетілдіру бағытындағы маңызды жобаларды аралап көрді. Олжас Бектенов ең алдымен Семей қаласындағы «Агролидер KAZ» ЖШС зауытында болды. Бұл кәсіпорын бұршақ және майлы дақылдарды өңдеумен айналысады.
Жобаның құны 4,1 млрд теңгені құрайды. Зауыттың жылдық қуаты – 72 мың тонна шикізат. Ал тәулігіне 160 тонна дайын өнім шығаруға қауқарлы. Кәсіпорынның бас директоры Николай Ушаковтың айтуынша, өндірісте Түркия мен Италияның заманауи технологиялары қолданылады.
Бұл өнімді жоғары сапада қайта өңдеп, ішкі нарықпен қатар Еуропа, Азия және Латын Америкасына экспорттауға мүмкіндік беріп отыр. Кәсіпорында қазірдің өзінде 10-нан астам өнім түрі шығарылады, 50 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Премьер-министр зауыттың агроөнеркәсіптік кешен саласындағы стратегиялық маңызы зор екенін атап өтті.
– Мемлекет басшысы агроөнеркәсіп кешенінде өнімді терең өңдеу, шикізатты сақтау мен қайта өңдеу қуаттарын арттыру және экспорттық мүмкіндіктерді кеңейту қажеттігіне ерекше назар аударып отыр. 2025 жылға дейін АӨК өнімдерінің қайта өңделген үлесін 70%-ға дейін жеткізу басты міндеттеріміздің бірі. «Агролидер KAZ» зауытының іске қосылуы осы міндеттерді жүзеге асырудың нақты көрінісі, – деді Олжас Бектенов.
Сонымен қатар Үкімет басшысы «Qazaq-Astyq Group» ЖШС-ның май экстракциялау зауытына барып, оның толық өндірістік циклымен танысты. Жылына 300 мың тонна күнбағыс тұқымын өңдеуге қауқарлы бұл кәсіпорында қазірдің өзінде 414 адам жұмыс істейді.
2025 жылы 112 мың тонна рафинадталмаған май өндіріліп, оның басым бөлігі экспортқа шығарылған. Қазіргі уақытта зауыттың екінші кезеңі іске асырылып жатыр. 2026 жылдың үшінші тоқсанында қосымша 111 жұмыс орнын ашып, тәулігіне 200 тонна күнбағыс майын тазалап, құятын жаңа цех іске қосылады.
170 мың дана өнім шығаратын кәсіпорын
Сапар аясында Олжас Бектенов «Техноавиа-Қазақстан» ЖШС тігін фабрикасына барып, кәсіпорынның жұмысымен танысты. Фабрика жылына 170 мың дана өнім шығарады және толық қуатта жұмыс істеп тұр. Кәсіпорын директоры Айнұр Ахметова биылғы наурыз айынан бастап фабриканың қазақстандық тауар өндірушілер тізіліміне енгізілгенін атап өтті. Бұрын фабрика тек экспортқа өнім шығарса, енді Қазақстанның ұлттық компаниялары үшін корпоративтік киімдер де тігетін болады.
Компанияның бас директоры Жанат Әміренов алдағы уақытта аяқ киім өндірісін қолға алу жоспарланып отырғанын жеткізді. Жаңа жобаның негізгі мақсаты – импортты алмастыру. Бүгінде тігін фабрикасында 152 адам жұмыс істесе, жаңа аяқ киім цехында қосымша 200 жұмыс орны ашылады. Жобаны биыл толық іске қосу жоспарланып отыр.
Сапар барысында Премьер-министр сондай-ақ Семей қаласындағы Оқушылар сарайына барып, өңірдегі әлеуметтік инфрақұрылымның даму қарқынын бағалады. Үкімет басшысы облыстағы әлеуметтік-экономикалық жобалардың Президент тапсырмаларына сай іске асырылуын қатаң бақылауда ұстайтынын атап өтті.
Қазақстанда смартфондар мен мобильді құрылғыларды верификациялау тәртібі заң жүзінде бекітілетін болды. Бұл туралы экономиканы демонополизациялау жөніндегі комиссия отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов тапсырма берді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







