Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауы мен Ұлттық құрылтайда берген тапсырмасынан соң Үкімет салық реформасын қоғамға түсіндіру үшін бар күшін салып жатыр, деп жазады Ertenmedia.kz.
Бірақ бір қайнауы кем дүние екенін Үкімет басшысы Олжас Бектеновтың өзі де байқаған секілді.
Премьер-министр салық реформасы бойынша халықпен кері байланыс орнатып отырған Электронды қаржы орталығының жұмысымен танысты. Бектенов «1414» Бірыңғай байланыс орталығына азаматтар мен кәсіпкерлер тарапынан тек биылғы қаңтар айының өзінде 135,5 мың өтініш келіп түскенін білді. Күн сайын операторларға орта есеппен 13-14 мың өтініш түседі екен. Оның ішінде шамамен жеті мың өтініш салық реформасы мен әлеуметтік төлемдерге қатысты сұрақтар.
Байланыс орталығы өтініштерді үш сатылы жүйемен қабылдайды. Алдымен азаматтарға алғашқы түсіндіру жұмыстары жүргізілсе, одан соң нақты қолдау көрсетеді. Ал күрделі сұрақтар болса, ақпараттық жүйелерді өзгертетін тиісті құрылымдарға бағытталады.
– Мемлекет басшысы айтқандай, жаңа Салық кодексін енгізуде «фискалдық транзитті» біркелкі әрі жанжалсыз өткізу міндеті тұр. Әділ әрі тиімді салық жүйесін құру арқылы азаматтарда өз өлкесінің дамуына үлес қосу санасын қалыптастыруымыз қажет. Президенттің патриотизм туралы айтып отырғаны да осы. 2025 жылы бизнес субъектілері өз еркімен 750 млрд теңгеден астам салық төлегені осыны айғақтайды. Бірақ бұл процесте кемшін тұстарымыз бар екені анық, – деді Үкімет басшысы Олжас Бектенов.
Салық реформасының әлі де болса толық жетілмегенін, Президент ескертуінен кейін үкіметтің салық кодексіне қайта айналып соғуға мәжбүр болғанын Бектеновтың өзі де жасырған жоқ. Ол жаңа жүйе бизнестің жұмысын қиындататын болса, мұндай нормаларды тез арада түзету қажеттігін айтты.
Қаржы министрлігінің мәліметінше, қиындықтарға қарамастан, елдегі бизнес белсенділігі артып келеді. Мәселен, 2025 жылы Қазақстанда 480 мың жаңа заңды тұлға тіркелсе, биылғы жылдың алғашқы жиырма күнінде тағы 22 мың субъект ашылған. Бұл «бизнесті жаппай жабу» туралы алыпқашпа сөздердің негізсіз екенін көрсетеді.
Дегенмен, Үкімет басшысы реформаны халыққа түсіндіру жұмыстары әлі жеткіліксіз екенін меңзеп, Қаржы министрлігіне Электронды қаржы орталығының технологиялық базасын нығайтуды және азаматтардың өтініштерін өңдеу қуатын арттыруды тапсырды. Салықтық әкімшілендіру мен бюрократиялық процестерді жеңілдетуге басымдық беру қажет екені айтылды.
Айта кетейік
Электронды қаржы орталығы бизнестің, азаматтардың және мемлекеттік органдардың өзара іс-қимыл жасайтын негізгі цифрлық алаңы. Орталық мамандары 21 ақпараттық жүйенің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етеді, бюджеттік интегратор мен мемлекеттік сатып алу порталын сүйемелдеу бойынша да жұмыс істейді. Орталықтың қызметі енді жаңа ғимаратта орналасып, ақпараттық қауіпсіздік деңгейі де айтарлықтай жоғарылаған.
Қалай болғанда да, Президенттің сынынан кейін Үкімет салық реформасын қайта пысықтауға мәжбүр екені көрініп тұр. Бектенов бастаған министрлер кабинетінің алдында жаңа сын-қатерлер тұр, ал бұл мәселеде халықтың көңілінен шығу, Үкіметтің басты міндеті.
Ақорда Қазақстанның Бейбітшілік кеңесіне қосылуы үшін миллиард доллар төлеу қажет болды деген ақпарат шындыққа жанаспайтынын хабарлады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

