Атырауда қоғамдық көлік саласы жаңа кезеңге өтті. 30 наурыздан бастап қалада ONAY! электрондық билеттеу және көлікті диспетчерлеу жүйесі ресми түрде іске қосылып, жолаушылар тасымалын басқарудың цифрлық тетігі жұмысын бастады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жаңа жүйе тек жолақы төлеумен шектелмейді. Ол қоғамдық көліктің қозғалысын бақылау, маршруттардың орындалуын қадағалау, жылжымалы құрамның кестесін реттеу және толық аналитика жинау сияқты бірнеше маңызды функцияны біріктіреді. Осы мәліметтердің негізінде жергілікті атқарушы органдар жолаушылар ағынын нақты көріп, қай бағытта автобус жетіспейтінін, қай жерде қозғалыс аралығын өзгерту керектігін және қызмет сапасын қалай жақсартуға болатынын анықтай алады.
Сонымен қатар Атырауда ONAY! халыққа қызмет көрсету орталығы ашылды. Ол Ахмет Байтұрсынұлы көшесі, 47а мекенжайында орналасқан. Орталық дүйсенбіден жұмаға дейін таңғы 9:00-ден кешкі 18:00-ге дейін түскі үзіліссіз жұмыс істейді.
Қазір жүйені енгізудің алғашқы кезеңінде оқушылар мен студенттерге арналған карталарды рәсімдеу мен тарату белсенді жүріп жатыр. Ыңғайлылық үшін бұл карталар оқу орындары арқылы таратылуда. Ал әлеуметтік санаттағы азаматтар үшін Атырау облысы бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» филиалдарында арнайы қабылдау пункттері ұйымдастырылған. Мұнда мүгедектігі бар азаматтар, көпбалалы аналар, ардагерлер және жеңілдікке құқығы бар өзге де тұрғындар құжат өткізіп, арнайы карталарын рәсімдей алады.
ONAY! мамандары өтініштерді Әбілқайыр хан даңғылы 66 мекенжайындағы халыққа қызмет көрсету орталығында, М.Баймұханов көшесі 16а және Азаттық даңғылы 96Б мекенжайлары бойынша қабылдап жатыр. Барлық өтініш дүйсенбі мен жұма аралығында таңғы 9:00-ден кешкі 18:00-ге дейін қабылданады.
Маңызды жайттың бірі – жүйе енді ғана іске қосылған кезеңде жеңілдік карталарын рәсімдеу компания есебінен тегін жүргізіледі. Кейін карта алғаш рет шығарылғанда немесе қайта жасалғанда бекітілген тариф қолданылады. Егер карта жоғалса немесе бүлінсе, жолаушы ONAY! қызмет көрсету орталығына жүгінуі тиіс.
Жүйе іске қосылған алғашқы сағаттардың өзінде қызығушылық байқалды. 30 наурыз күні сағат 10:00-ге дейін шамамен мыңға жуық жол жүру тіркелген. Бұл тұрғындардың жаңа жүйеге біртіндеп бейімделіп жатқанын көрсетеді.
Атырау қаласы әкімінің орынбасары Тілек Махуов жаңа жүйенің жұмысымен, диспетчерлеу мүмкіндігімен, халыққа қызмет көрсету орталығының қызметімен және жеңілдік санатындағы тұрғындарға көрсетіліп жатқан қызметпен танысты. Ал «Алматы қаласының көлік холдингі» өңірлік даму жөніндегі директоры Даурен Сабитов жаңа жүйенің нақты пайдасы уақыт өте келе, жиналған Big Data арқылы анық көрінетінін айтты.
Оның мәліметінше, Атырауда қазір 39 бағыт бойынша жолаушы тасымалдайтын 7 автопарк жұмыс істейді. Бүгінде 230-дан астам автобус қажетті жабдықтармен, яғни төлем тіркейтін терминалдармен және ONAY! QR стикерлерімен қамтамасыз етілген.
Цифрлық бақылау басталды
Компания өкілдері бір маңызды жайтты да нақтылап өтті. Оператор ретінде ONAY! қандай санатқа қандай жеңілдік берілетінін шешпейді. Бұл – жергілікті атқарушы органдардың құзыреті. Сол сияқты оператор жолақы бағасын да, жеңілдік мөлшерін де белгілей алмайды. Жүйе тек бекітілген тариф пен қолданыстағы ережелер аясында жұмыс істейді.
Қала тұрғындары үшін ең маңызды ақпараттың бірі – жеңілдікпен жүруге құқығы бар азаматтардың міндетті түрде өтініш беріп, арнайы карта рәсімдеуі. Мектеп оқушылары, колледж және жоғары оқу орны студенттері карталарын өз оқу орны арқылы алады. Ал жеңілдікке кірмейтін жолаушылар ONAY! мобильді қосымшасын жүктеп, тегін виртуалды карта аша алады немесе «Бірыңғай» стандартты көлік картасын сатып алады.
Қалада мұндай карталарды сататын 18-ден астам нүкте ұйымдастырылған. Негізінен бұл «Ярмарка» супермаркеттері, сауда үйлері мен бірқатар дүңгіршектер. «Бірыңғай» картасының ұсынылатын бағасы – 800 теңге. Оның ішінде бір тегін жол жүру қарастырылған. Кейін бұл картаны ONAY! қосымшасы, банктік қосымшалар немесе төлем терминалдары арқылы толықтыруға болады.
ONAY! мобильді қосымшасы да жолаушыларға кең мүмкіндік береді. Қосымша арқылы автобустарды онлайн бақылауға, бағыттардың сызбасын көруге, таңдаулы маршруттарды белгілеп қоюға, тегін виртуалды карта ашуға, QR-кодпен немесе автобус кодын қолмен енгізу арқылы төлем жасауға, жақындарының картасын толықтыруға, тіпті жоғалған картаны бұғаттауға болады. Сонымен қатар қосымша көзі нашар көретін және зағип азаматтарға арналған скринридер функцияларына бейімделген.
Атырау тұрғындары жолақысын тек ONAY! қосымшасы арқылы ғана емес, Halyk пен Kaspi банктерінің мобильді сервистері арқылы да төлей алады. Ол үшін автобустағы QR-кодты сканерлеу немесе көлік кодын қолмен енгізу жеткілікті.
Жеңілдікпен жол жүру құқығы бар санаттар да нақтыланған. Тегін жүретіндер қатарында Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен соларға теңестірілген адамдар, басқа мемлекеттер аумағындағы әскери іс-қимыл ардагерлері, І және ІІ топтағы мүгедектігі бар азаматтар, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері мен бұрын «Батыр ана» атағын алған көпбалалы аналар, сондай-ақ 1-11 сынып оқушылары бар.
Ал 50 пайыз жеңілдікпен жасы бойынша зейнеткерлер, 4 баласы бар көпбалалы аналар, ІІІ топтағы мүгедектігі бар азаматтар, облыс аудандарынан келген 7-18 жас аралығындағы балалар, колледж және ЖОО студенттері жүре алады.
Жеңілдік картасын алу үшін де нақты құжаттар тізімі бекітілген. Оған жеке куәлік, тіркеу, фото және санатына қарай зейнеткер куәлігі, мүгедектік анықтамасы, оқу орнынан анықтама немесе орден кітапшасы секілді құжаттар қажет. Фотосуретті электронды түрде де ұсынуға болады.
Жаңа жүйе – жаңа тәртіп
Жүйені енгізуден күтілетін басты нәтиже – қоғамдық көлікті басқаруда ашықтықтың артуы. Цифрлық төлем мен автоматтандырылған бақылау арқылы жолаушылар саны нақты есепке алынады, маршруттардың тиімділігі сараланады, сұранысы жоғары бағыттарға қосымша автобус шығаруға мүмкіндік туады. Ең бастысы – тасымалдаушы компанияларға төленетін өтемақы мен субсидияның әділ әрі ашық жүйесі қалыптасады.
ONAY! бұған дейін Алматы, Қарағанды, Өскемен, Талдықорған, Теміртау, Балқаш, Саран, Шахтинск және Текелі қалаларында жұмыс істеп келеді. Компанияның мәліметінше, басқа қалалардағы тәжірибе қоғамдық көлікті жаңартуға, бағыттарды түзетуге және жолаушы сұранысына нақты бейімделуге мүмкіндік берген.
Осылайша, Атыраудағы ONAY! жүйесі тек электрондық билет емес, бүкіл қоғамдық көлік жүйесін жаңа деңгейге көтеретін құрал ретінде қарастырылып отыр. Егер жүйе толық іске бейімделсе, бұл жолаушыларға да, әкімдікке де, тасымалдаушы компанияларға да нақты тиімділік береді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







