19 ақпан күні мұсылман жамағаты үшін қасиетті саналатын Ораза айы басталады. Алғаш рет ауыз бекітіп, ораза тұтақан жандар үшін ауыз бекітудің ережелері мен тәртібі бар, деп жазады Ertenmedia.kz.
Ораза Исламдағы бес парыздың бірі. Бұл айда мұсылман қауымы таң атқаннан күн батқанға дейін тамақ ішпей, ауыз бекітеді, жаман сөз бен жат әрекеттерден тыйылып, рухани тазарады.
Оразаның басталуы мен аяқталуы
Рамазан айының қарсаңында, яғни 18 ақпан күні құптан намазынан кейін барлық мешітте арнайы тарауих намазы оқылады. Тарауих намазы тек Рамазан айында оқылатын ерекше құлшылық. Оны жамағатпен бірге мешітте орындаған абзал, алайда үйде де жеке оқуға рұқсат етіледі.
Биыл мұсылмандар 19 ақпан күні таң ата ауыз бекітіп, қасиетті айды бастайды. Ораза айы 19 немесе 20 наурызға дейін жалғасады. Айдың нақты аяқталу күні Айдың тууына байланысты анықталып, Қырғызстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) ресми түрде жариялайды.
Оразаның басты ережелері
Ораза таңғы астан (сәресі) басталады. Сәресіні таң намазына дейін ішіп аяқтау керек. Егер адам сәресіні ұйықтап қалып өткізіп алса, бірақ ауыз бекітуге ниет еткен болса, оның оразасы бұзылмайды. Күндіз, яғни күн шыққаннан күн батқанға дейін ораза ұстаушы адам тамақ ішпейді, су ішпейді, темекі шекпейді және жұбайлық қатынасқа түспейді. Ауыз ашу (ифтар) уақытында, күн батқан соң, әдетте сумен және құрмамен ауыз ашу дәстүрге айналған.
Ораза тек ашығумен шектелмейді, сонымен қатар мінез-құлықты да жақсартады. Бұл айда ұрыс-керіске жол берілмейді, өсек-аяң айту, жаман сөз сөйлеу, өтірік айтуға тыйым салынады.
Әдейі тамақ ішсе немесе жұбайлық қарым-қатынас жасаса, оразасы бұзылады. Ал егер адам ораза екенін ұмытып, тамақ ішіп немесе су ішіп қойса, есіне түскен бойда дереу тоқтатып, оразасын жалғастыра береді. Бұл жағдайда оразасы бұзылмайды.
Маңызды қосымша ақпараттар
Фитр-садақа бұл Рамазан айында мұсылманға міндеттелген садақа түрі. Оның мөлшерін жыл сайын Қырғызстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) белгілейді. Әдетте оның мөлшері адамның тұрмысына байланысты пітір ретінде астықпен немесе ақшалай беріледі.
Қадір түні (Ляйлятуль-қадр) Рамазан айындағы қасиетті түндердің бірі. ҚМДБ-ның шешімімен Қырғызстанда бұл түн Оразаның 26-сынан 27-сіне қараған түні ресми түрде аталып өтіледі. Бұл түні мұсылмандар дұға тілеп, құлшылық жасап, Құран оқиды.
Дәрігерлердің кеңесі
Оразаны жеңіл өткізу үшін тұзды, майлы және қантты тағамдарды азайту қажет. Ауыз ашқан кезде бірден тойып тамақтанбай, алдымен су және жеңіл тағамдардан бастаған жөн. Сәресі мен ауыз ашу арасында жеткілікті мөлшерде су ішу (әрбір 1 кг салмаққа шамамен 30-35 мл) ағзаның сусыздануының алдын алады. Рационда көкөністер мен жеміс-жидектерді көбейту денсаулыққа пайдалы болады.
Осылайша, Рамазан айында мұсылман адам рухани тазарып қана қоймай, физикалық тұрғыдан да денсаулығын нығайтады. Бұл қасиетті ай әрбір мұсылман үшін береке мен ізгілікке толы ай болмақ.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 2026 жылға арналған діни күндер күнтізбесін жариялады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

