Түркістан облысында 200 орындық жаңа перинаталдық орталықтың құрылысы ресми түрде басталды. Маңызды медициналық нысан Ордабасы ауданының Ордабасы ауылында салынып жатыр, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Орталықтың іргетасын қалау рәсіміне Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысты. Әкімнің айтуынша, бұл жобаның маңызы зор өңірдегі демографиялық өсім мен халық санының тұрақты артуы осындай заманауи медициналық нысандардың қажеттілігін тудырып отыр.
– Бүгін Түркістан облысында тағы бір игі бастаманың куәсі болып отырмыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында медициналық инфрақұрылымды дамыту керектігін ерекше атап өткен болатын. Бүгін соның нақты қадамы ретінде жаңа перинаталдық орталықтың іргетасын қаладық. Бұл орталық Ордабасы, Бәйдібек, Сайрам, Түлкібас аудандары мен Арыс қаласының тұрғындарына қызмет көрсетеді. Енді ауыл тұрғындары облыс орталығына бармай-ақ, өз аудандарында жоғары сапалы медициналық көмек ала алады. Заманауи жабдықтар мен білікті мамандар ана мен бала денсаулығын жақсартуға, өңірдегі демографиялық ахуалдың жақсаруына зор үлес қосады, – деді Нұралхан Көшеров.
Жаңа перинаталдық орталық халықаралық стандарттарға сай салынып, заманауи медициналық жабдықтармен толық жарақтандырылмақ. Мұнда жүкті әйелдерге, босанушылар мен жаңа туған нәрестелерге жоғары технологиялық көмек көрсетіледі.

Жалпы ғимарат аумағы 34 мың шаршы метрден асады, ал құрылыс аумағының көлемі – 12 мың шаршы метрден астам. Жер учаскесінің аумағы – 8 гектар.
Жаңа медициналық орталықтың іске қосылуы аймақтағы басқа ауруханалардың жүктемесін азайтып, ана мен бала денсаулығын қорғауды күшейтеді. Сонымен қатар, ауылдық жердегі тұрғындардың медициналық қызметке қолжетімділігін арттырады.
Бұл жоба Түркістан облысының денсаулық сақтау жүйесін нығайтып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал ететін стратегиялық маңызды бастама болып отыр.
Тілшілеріміз Түркияның Оңтүстік Кавказды толық бақылауға алып, Каспий теңізіндегі маңызды энергетикалық ресурстарға ие болғанын талдап жазды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

