Түркияның Орду провинциясына қарасты Үнье қаласының жағажайынан ресейлік «Герань-2» деп аталатын ирандық Shahed типті дрон табылды, деп жазады Ertenmedia.kz.
10 ақпан күні Қара теңіз жағалауынан табылған бұл аппараттың ішінен жарылғыш зат шықпаған. Түркия Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, оқиға орнына арнайы жасақ жіберіліп, дрон полиция бөліміне зерттеуге тапсырылды.
Соңғы уақытта Түркия аумағында табылған бірінші дрон емес. Былтыр 15 желтоқсанда түріктің F-16 жойғыш ұшағы Қара теңіз үстінде елдің әуе кеңістігіне кірген белгісіз ұшқышсыз аппаратты атып түсірген болатын. Дронның кімге тиесілі екені сол күйі анықталмады.
Ал 19 желтоқсанда Стамбулға жақын Коджаэли провинциясына Ресейде жасалған «Орлан-10» типті дрон құласа, 20 желтоқсанда Стамбулдың оңтүстік-батысындағы Балыкесир маңындағы алқаптан тағы бір ұшқышсыз аппарат табылған еді.
Осы оқиғалардың жиілеуі Қара теңіз аймағындағы әскери жағдайдың күрделі екенін көрсетеді. Ресейлік немесе орыс армиясы пайдаланатын дрондардың Түркия аумағына осылайша жиі ұшып кіруі, қақтығыс аймағындағы техниканың бақылаудан шығып кету қаупін де арттырып отыр.
Бұл жағдайлар НАТО-ға мүше Түркияның өз әуе қорғанысын күшейту қажеттігін тағы да еске салды десек болады. Старлинг пен Телегармға шектеу қойғаннан кейін орыстың дрондары лағып, айдалаға ұшуы артпаса кемімеуі мүмкін.
Айтпақшы, Швецияның вице-премьер-министрі Эбба Буш Еуропа көшбасшыларына Вашингтонға жалтақтап, АҚШ-тың қабағына қарауды доғаруы керектігін айтты.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

