Қазақстандық жаңа брендтер өз өнімдерін дүкен сөрелеріне жеңілдетілген шарттармен қоя алады. Сауда және интеграция министрлігі ішкі саудадағы кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған ережелерге өзгерістер енгізуді ұсынды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Жаңа ережеге сәйкес, отандық өндірушілер тауарларын сауда орындары мен дүкен сөрелеріне жеңілдікпен орналастырады. Бұл мүмкіндік Қазақстандық тауар өндірушілер тізіліміне енгізілген жаңа брендтерге беріледі. Жеңілдік мерзімі үш айдан басталады. Ол үшін өндіруші жазбаша өтініш беруі керек.
Сонымен қатар ережеге айналым қаражатын толтыру кезінде қажетті сауда жабдықтары, тауарлар мен шикізаттарды тек Қазақстандық тауар өндірушілер тізіліміне енген кәсіпкерлерден алу туралы талап енгізілген.
Бұдан бөлек, кредиттер бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау мен кепілдік беру туралы шарт жасалғаннан кейін, бір жыл ішінде сауда орындарына жалдау ақысын көтеруге тыйым салынады.
Министрлік өкілдері бұл талап шағын және орта бизнес өкілдері үшін аса маңызды екенін атап өтті. Кәсіпкерлер жалдау шығындарын алдын ала жоспарлап, аренданың кенеттен және негізсіз өсуінен сақтана алады.
Жоба 20 ақпанға дейін «Ашық НҚА» порталында қоғамдық талқылауға шығарылды.
Айтқандай, халыққа берілетін несие көлемінің өсу қарқыны төмендеді, ал кепілсіз тұтынушылық несиелендіру бұрынғы қарқынын жоғалтты.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

