Пәкістан мен Ауғанстан арасындағы шиеленіс «ашық соғысқа» ұласты. Соңғы айларда екі ел арасындағы қатынастар күрт нашарлаған болатын, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жұмаға қараған түні, 27 ақпанда Пәкістан әскери күштері Ауғанстанның Кабул, Пактия және Кандагар қалаларына әуеден соққы жасады. Бұл туралы Пәкістанның қорғаныс министрі Хаваджа Асиф пен ақпарат министрі Аттаулла Тарар әлеуметтік желіде мәлімдеді.
«Бірнеше айға созылған қарулы қақтығыстар енді ашық соғысқа ұласты», – деп атап өтті қорғаныс министрі. Кейін ел премьер-министрі Шехбаз Шариф: «Армиямыз кез келген агрессиялық пиғылды талқандауға дайын. Бүкіл ел Пәкістан қарулы күштерімен бір сапта тұр», – деп мәлімдеді.
Өткен аптада да Пәкістан Ауғанстан аумағына әуе соққыларын жасаған еді. Талибанның мәлімдеуінше, бұл шабуылдардан кемінде 18 адам, оның ішінде әйелдер мен балалар қаза тапқан. Исламабад бұл шабуылдар Пәкістан жеріндегі бірнеше лаңкестік әрекеттерге жауап ретінде жасалғанын, нысанаға терроршылардың шекара маңындағы лагерьлері алынғанын мәлімдеді.
26 ақпан, бейсенбі күні Ауғанстандағы талибандар шекаралық бекеттерге «ауқымды шабуыл жасап, көптеген пәкістандық сарбазды өлтіргендерін» жариялады. Әзірге Пәкістан тарапы тек екі сарбаздың қаза болғанын ресми растады.
Соңғы бірнеше айда Талибан билігі мен Пәкістан үкіметінің арасы күрт нашарлап кетті. Исламабад көрші елдің билігін өз аумағынан Пәкістан жеріне шабуыл жасайтын қарулы топтарға қарсы әрекетсіздік танытты деп айыптауда. Ал талибандар бұл айыптауларды мойындамай келеді.
2025 жылдың күзінде Пәкістан билігі Ауғанстаннан «Техрик-е-Талибан Пәкістан» (TТП) террористік ұйымына қарсы шаралар қабылдауды талап етті. Бұл ұйымның Ауғанстандағы Талибан қозғалысымен тығыз байланысы бар екені белгілі.
Қазанда Кабулда екі жарылыс болып, Талибан бұған Исламабадты айыптады. Соған жауап ретінде ауғандық әскерлер шекарадағы пәкістандық сарбаздарға оқ атқан. Пәкістан бұған ауыр артиллерия, танк, дрондар және жойғыш ұшақтармен шабуыл жасау арқылы жауап берді.
Сол қақтығыстар кезінде Талибан тарапы Ауғанстанның 9 сарбазы және Пәкістанның 58 сарбазы қаза болғанын хабарлады, сондай-ақ көрші елдің 20 шекаралық бекетін уақытша басып алғандарын мәлімдеді. Ал пәкістандық БАҚ өз күштік құрылымдарына сілтеме жасай отырып, 23 пәкістандық сарбаздың қазасы, 200-ден астам талибан содырының көзі жойылғаны және Ауғанстанның 19 шекаралық бекеті бақылауға алынғанын жазды.
Қазанның соңына дейін жалғасқан бұл қақтығыстар Катар мен Түркияның арағайындығымен уақытша тоқтатылғанымен, кейінгі келіссөздер нақты бейбітшілік келісіміне әкелмеді.
Айтқандай, тілшілеріміз Орталық Азия елдері соңғы кезде көлік-логистикалық бағыттарды әртараптандырып, Ресей аумағын айналып өтетін жобаларды іске асыруға бет бұрғанын жазған болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







