Қазақстан мен Пәкістан арасындағы интеллектуалдық спорт, оның ішінде тоғызқұмалақты дамыту бағытындағы ынтымақтастық жаңа деңгейге көтерілді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Исламабад қаласында өткен салтанатты шарада Қазақстан–Пәкістан «Dostyq» спорт орталығы ашылды. Ашылу рәсімі ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Пәкістанға мемлекеттік сапары аясында ұйымдастырылды.
Шараға ҚР Туризм және спорт вице-министрі Бауыржан Рапиков бастаған делегация қатысты. Оның құрамында ҚР Тоғызқұмалақ федерациясының президенті, Дүниежүзілік Тоғызқұмалақ федерациясының вице-президенті Әкім Тұрсын, үш дүркін әлем чемпионы Серік Ақтаев, федерацияның атқарушы директоры Азамат Қалдыбаев және жетекші спортшылар болды.
Сапардың басты мақсаты екі ел арасындағы интеллектуалдық спортты, әсіресе тоғызқұмалақты халықаралық деңгейде дамыту, бірлескен оқу-білім жобаларын іске асыру және спорттық дипломатияны нығайту.
3 ақпан күні Pakistan Sports Board базасында «Dostyq» орталығы ресми түрде ашылды. Іс-шара барысында екі елдің мемлекеттік әнұрандары орындалып, жоғары деңгейдегі ресми тұлғалар құттықтау сөз сөйледі.

Жаңадан ашылған орталықта тоғызқұмалақ пен шахмат сыныптарының таныстырылымы өтті. Қазақстандық мамандар пәкістандық әріптестеріне тоғызқұмалақтың тарихы, ойын ережелері мен халықаралық деңгейде даму перспективалары туралы баяндап берді. Ал үш дүркін әлем чемпионы Серік Ақтаев Пәкістан спортшылары мен жаттықтырушыларына арнап шеберлік сабағын өткізіп, ойынның стратегиялық ерекшеліктерімен, оқу-жаттығу әдістерімен бөлісті.
Сапар аясында тараптар маңызды келісімдерге қол қойды. Атап айтқанда, екі ел арасында «Dostyq» спорт орталығын құру туралы меморандум жасалып, 2026 жылға арналған бірлескен спорттық іс-шаралардың жол картасы бекітілді. Бұл құжатқа сәйкес, тоғызқұмалақ бойынша ортақ турнирлер, оқу семинарлары және басқа да іс-шаралар тұрақты ұйымдастырылатын болады.
Сонымен қатар, қазақстандық делегация Исламабадтағы «Лок Вирса» халықтық мұра музейі мен Пәкістан монументіне барды. Пәкістандық әріптестер тарапынан арнайы қабылдаулар мен екіжақты кездесулер ұйымдастырылды.
Бұл сапар Қазақстан мен Пәкістан арасындағы спорттық және мәдени-гуманитарлық байланысты нығайтуға, ұлттық зияткерлік спорт түрі тоғызқұмалақты Оңтүстік Азия аймағына танытуға жаңа мүмкіндіктер ашты.
Депутат Қазыбек Иса Ата заңның тың үлгісіне көңілі толатынын айтып, жаңа жобаның кеңес дәуірінің иісі кетпеген ескі құжаттан мүлде бөлек екенін мәлімдеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

