Билік алдағы жылы қандастар мен қоныс аударушыларға бөлінетін өңірлік квота көлемін бекітті. Нәтижесінде еліміздегі бірнеше облысқа 8 мыңнан астам адам қоныстанады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Квота шеңберінде қандастардың басым бөлігі Павлодар облысына жіберіледі. Мұнда 977 адам қабылданбақ. Одан кейінгі орындарда Ақмола (285 адам), Абай (264 адам), Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Қостанай (әр облысқа 200 адамнан), Атырау (125 адам), Батыс Қазақстан (30 адам) облыстары тұр.
Қоныс аударушыларға да солтүстік аймақтарға басымдық берілген.
Солтүстік Қазақстанға 2820, Павлодар облысына 1655, Шығыс Қазақстанға 600, Қостанай облысына 485, Абай облысына 275, Ұлытау облысына 125, Қарағанды облысына 37 адам келеді.
«Мемлекет тарапынан көшіп келген азаматтарға қолдау көрсетіледі. Әр отбасы мүшесіне 70 АЕК көлемінде бірреттік жәрдемақы беріледі. Бұған қоса баспана жалдау мен коммуналдық төлемдер үшін ай сайын 15-тен 30 АЕК-ке дейінгі көмек қарастырылған. Сондай-ақ, жұмыс берушілерге де 400 АЕК көлемінде субсидия ұсынылады», – деді Еңбекмин.
Қоныс аударушылар мен қандастар қысқа мерзімді кәсіптік оқуға қатысып, жұмыспен қамтылады. Кәсіпкерлікпен айналысамын деушілерге де қолдау бар. Сонымен қатар, баспана сатып алуға мүмкіндік беретін экономикалық ұтқырлық сертификаттары да үлестіріледі.
Бұған дейін 2025 жылдың басынан бері Қазақстанға 8 мыңнан астам этникалық қазақ көшіп келгенін хабарлаған болатынбыз. Олардың дені Өзбекстан мен Қытайдан қоныс аударып, негізінен солтүстік, шығыс және батыс аймақтарға орналастырылған.
Айта кетелік, бұған дейін Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов өңірдегі орыс жастары Ресейге көптеп көшіп жатқанын мәлімдеген еді. Енді олардың қандастарымыз толтырмақ.
Шекараның арғы жағы тәттірек: Павлодарлық жастардың көршіге көшкен керуені
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







