Павлодарда Еңбек мобилдігі орталығының директоры, белгілі шенеуніктің әйелі Меруерт Есембаева алкотестіден өтуден бас тартқаны үшін сегіз жылға жүргізуші куәлігінен айырылды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Nege-нің дерегінше оқиға 22 ақпанға қараған түні болған. Есембаева қызметтік Chery Tiggo 7 Pro автокөлігімен келе жатып, тәртіп сақшыларының тоқтау туралы талабын елемеген. Полицейлер оны тек қысқа қуғыннан кейін ғана тоқтата алған.
Тексеру орталығына жеткізілгеннен кейінгі оқиға тіпті шиеленісе түскен. Сот материалдарындағы бейнежазбада шенеуніктің әйелі дәрігерлермен дөрекі сөйлесіп, тексеруден өтуге қарсылық білдіріп, мамандарға агрессивті мінез көрсеткені анық көрінеді. Тіпті нарколог дәрігерге «сен кімсің өзі, алкотестерден алдымен өзің өт» деп, жедел жәрдем шақыртып, орталықты тастап кеткен.
Сот барысында Есембаева мен оның адвокаты ішімдік тестінен денсаулығына байланысты өте алмағанын алға тартты. Бірақ бейнежазба мен полицейлердің куәлігі айыпталушының түрлі сылтау айтып, тексеруден жалтаруға тырысқанын дәлелдеп берді.
Полиция көліктен ашылған сыра банкасы мен чечил ірімшігін тапқанын да растап отыр.
Іске қатысты тағы бір күмәнді жайт Есембаеваның ресми түрде декреттік демалыста бола тұрып, қызметтік көлікті еркін пайдалануы. Оның күйеуі де тегін адам емес. Нұрлан Есембаев Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары.
Кәмелетке толмаған төрт баласы болғандықтан, Есембаева қамауға алынбады. Алайда сегіз жылға көлік жүргізу құқығынан айырылды.
Судья Адамжанова Павлодар облысының әкіміне де жеке қаулы шығарған екен. Өңір басшылығына бір ай ішінде мемлекеттік мекеменің көлігі декреттегі қызметкердің қолына қалай түскенін анықтап, соған жол бергендерді жауапкершілікке тарту тапсырылды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







