Петропавлдың бұрынғы депутаты, тазарту құрылғылары мекемесінің экс-басшысы Павел Булаев мемлекетке 805 миллион 651 мың теңге көлемінде шығынды өтеуге міндеттелді.
Бұл соманы Булаевпен бірге оның сыбайластары Денис Маршалов, Руслан Яковенко және Лев Шакшабаев та қайтарады деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Павел Булаев 2024 жылдың ақпанында бюджет қаражатын жымқырды деген күдікпен ұсталған болатын. Тергеу дерегінше, заңсыз схема бірнеше жыл бойы жұмыс істеп келген. Булаев «Тазарту құрылғылары» мемлекеттік кәсіпорнын басқарған тұста коммерциялық фирма құрылып, конкурстар мен тендерсіз тікелей шарттар алып отырған.
Кейін су құбырларын күтіп ұстау, жол тазалау және қала көркейту бойынша жалған келісімдер арқылы бюджет қаражаты ешбір техникасы да, жұмысшылары да жоқ фирмаларға аударылып келген. Қағаз жүзінде жұмыстар атқарылған деп көрсетілгенімен, іс жүзінде ештеңе жасалмаған.
Сот келтірілген зиян көлемі дәлелді екенін растап, сотталушылардан 805 миллион 651 мың теңгені мемлекет пайдасына өндіріп алу туралы шешім шығарды.
Тергеу материалдарында айтылғандай, бюджеттен жүздеген миллион теңге дәл осы тәсілмен қолды болған.
Алғашқы инстанция соты Булаевты 8 жылға бас бостандығынан айырып, өмір бойы мемлекеттік қызметпен айналысу құқығынан айырған және мүлкін тәркілеген еді. Оның сыбайластары әрқайсысы 7,5 жылға сотталған. Кейін апелляциялық инстанция бұл жазаны 7 жылға қысқартқан болатын.
Қылмыстық процесс аяқталған соң, Петропавл әкімдігі шығынды өтеу туралы азаматтық талап қойды. Сот талапты толық көлемде қанағаттандырды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







