Польшада Ресей пайдасына тыңшылық жасады деп айыпталған қазақстандық дипломат Әнуар Бәкібай Беларусьпен жасалған тұтқындар алмасуы аясында босатылды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Тұтқындарды алмастыру рәсімі 28 сәуір күні Польша мен Беларусь шекарасында өтті. «Беске бес» форматында өткен келіссөздерге бірнеше ел қатысты, процесс бір жылға жуық жүргізілген.
Бәкібайдің қатар Беларусь түрмесінде отырған поляк журналисі Анджей Почобут пен католик монахы Гжегож Гавел де босатылды. Ал Польша тарапы Молдовада мемлекетке опасыздық жасады деп айыпталған Александр Бэланды және ресейлік археолог Александр Бутягинді Беларуське қайтарды.
Әнуар Бәкібай 2025 жылы Быдгощ қаласында Польша контрбарлау қызметінің (ABW) операциясы нәтижесінде ұсталған болатын.
Польша тарапы оның дипломаттық қызметін Украинадағы Қазақстан елшілігіндегі әскери атташе көмекшісі ретінде бағалап, дипломатиялық иммунитеті тек Украина аумағында ғана күшінде екенін айтқан еді. Бәкібайдің Польша аумағында ұсталу себебі де осы.
ABW мәліметінше, ол НАТО-ның әскери құрылымдары мен Польшаның қауіпсіздігіне қатер төндіретін ақпарат жинады деп айыпталды.
Бәкібайдың жасы 30-35 шамасында, екі баласы бар, біреуі Киевте туған. Ол Ресейде әскери оқу орнын тәмамдаған. Сондай-ақ Украинадағы Қазақстан елшілігінің әскери атташесі Бақытжан Кисентаевтың туысы екені айтылды.
Бәкібайдің тұтқындалуы халықаралық деңгейде дау туғызды. Қазақстандық құқық қорғаушылар бұл оқиғаны елдің арнайы қызметтерінің Кремльге тәуелділігінің тағы бір дәлелі ретінде бағалап, Еуропарламент пен Еуропа Кеңесіне хат жолдаған болатын.
Қорғаныс министрлігі Бәкібайдің Қазақстан Қарулы күштерінде қызмет ететінін растады, бірақ қосымша ақпарат бермеді. СІМ болса, Варшавадағы елшіліктің Польша билігімен тұрақты байланыста екенін хабарлады. Ал Ұлттық қауіпсіздік комитеті бұл іске қатысты қандай да бір ақпарат жоқ екенін мәлімдеді.
Жалпы, бұл оқиға Қазақстан үшін үлкен саяси резонанс туғызды. Бәкібайдің босатылуы жағдайды жұмсартуы мүмкін, бірақ бұл іс қазақстандық арнайы қызметтердің халықаралық беделіне кері әсер еткені анық.
Айтқандай, Қазақстан мен Ресей екі ел аумағында алты бірлескен мектеп салу мәселесін пысықтап жатыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







