Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровті қабылдады. Кездесу барысында облыс басшысы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп беріп, алдағы жоспарларымен бөлісті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Нұралхан Көшеровтің мәлімдеуінше, өткен жылы облыстың экономикалық өсімі 113,9 пайызды құраған. Мемлекеттік бюджетке аударылған салық көлемі 1 триллион теңгеге артқан. 2025 жылы өңір экономикасына 1,7 триллион теңге инвестиция тартылса, оның ішінде жеке инвестиция көлемі 1,4 триллион теңгеге жетті. Ал тікелей шетелдік инвестиция 1,4 миллиард долларды құрады.
– 2025 жылы жалпы құны 340 миллиард теңге болатын 58 инвестициялық жоба іске қосылып, 8 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Бүгінде облыста 21 индустриалды аймақ жұмыс істейді. «Turan» арнайы экономикалық аймағында жалпы сомасы 315 миллиард теңге болатын 26 жоба жүзеге асырылуда, – деді облыс әкімі.
Ауыл шаруашылығында мақта-тоқыма, жүгері және ет өндіру бағыттарында кластерлік жобалар сәтті дамып жатыр. Бұл бастамалар толық іске қосылған жағдайда, 2027 жылға қарай ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі қосымша 479,5 миллиард теңгеге артады деп күтілуде.
Әкім халықты әлеуметтік қолдау шараларына да тоқталып өтті. Оның айтуынша, соңғы үш жылда атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны екі есеге қысқарған. Еңбекпен қамту шараларына 148 мың адам тартылған. Қазір өңірдегі жұмыссыздық деңгейі 4,6 пайызды құрап отыр.
Нұралхан Көшеров білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет саласындағы нысандардың құрылысы, жолдарды жөндеу, газдандыру және елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету бағытында атқарылған жұмыстарды да баяндады.
Кездесу қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев аймақ басшысына инвестиция тарту, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіпті одан әрі дамыту бойынша жұмысты күшейтуді тапсырды. Сонымен қатар халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту, жаңа жұмыс орындарын ашу және инфрақұрылымды дамыту мәселелеріне ерекше көңіл бөлу қажеттігін атап өтті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







