Президент Тоқаевтың жыл басында «Turkistan» басылымына берген сұхбатыдағы көтерілген мәселелері мен келтірген деректері жағынан шағын жолдауға ұқсайды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Президент бұл жолы елдің экономикалық жағдайы, салық саясаты, энергетика мен коммуналдық тарифтер реформасы, агроөнеркәсіп, логистика мен туризм саласы, цифрландыру, қоршаған ортаны қорғау, заңсыз шығарылған активтерді қайтару мәселелерін ашық қозғады.
Сұхбат формасындағы бағдар
Сарапшылардың пікірінше, сұхбатта айтылған ойлар қоғамның күтіп жүрген сұрақтарына нақты әрі толыққанды жауап болды. Сарапшы Нұрлан Жұмаханның айтуынша, Президент сұхбатының ерекшелігі мемлекет пен қоғам арасындағы жаңа әлеуметтік келісімнің бағыт-бағдарын айқындап бергендігінде.
Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Салық кодексіне баса мән беріп, салық төлеудің мәні мен мағынасын жаңа тұрғыдан түсіндірді. Оның айтуынша, салықты ауыр міндет немесе мемлекет алдындағы мәжбүрлік ретінде қабылдамау керек. Керісінше әр азамат, кәсіпкер мен билік арасындағы өзара әділеттілік пен жауапкершілікке негізделген қоғамдық келісім.
Президент «Салық төлесеңіз қызмет көрсетіледі, инфрақұрылым салынады, қауіпсіз орта қалыптасады» деген тұжырым арқылы қоғамда жаңа экономикалық этиканы қалыптастыруды көздейді. Мемлекет пен қоғам әріптес ретінде көрініп, азаматтар салықты мемлекеттің әлеуметтік міндеттемесін орындауға қажетті ресурс деп қабылдайтын деңгейге көтеріледі.
Мемлекет басшысы сұхбатта 2025 жылдың экономикалық көрсеткіштерін де атап өтті. Қазақстанның ішкі жалпы өнімі 300 миллиард долларға жетіп, өсім 6 пайыздан асқан. Бірақ Президент бұған тоқмейілсімей, нақты нәтижеге әлі де көп еңбек қажет екенін ескертті.
Энергетика және коммуналдық шаруашылық саласына қатысты айтылған пікірлер сұхбаттың батыл әрі ашық бөлігі саналады. Президенттің айтуынша, «жасырын субсидия» дәуірі аяқталып, тарифтік саясатта нарық заңына сәйкес әділдік орнайды. Мемлекет ендігі жерде бәріне бірдей арзан тариф емес, нақты көмекке мұқтаж адамдарға ғана әлеуметтік қолдау көрсетеді. Осы арқылы Қасым-Жомарт Тоқаев ел экономикасын әлеуметтік әділдік қағидасымен үндестіре дамытуды көздеп отыр.
Ел дамуына қатысты жаңа векторлар
Экономиканы әртараптандыру туралы сөз қозғалғанда, Мемлекет басшысы үш басты тірек ретінде логистика, ауыл шаруашылығы мен туризмді атады. Президент Қазақстанның көлік-логистикалық әлеуетін нығайтуға үлкен инвестициялар салу қажеттігін айтты. Әлемдегі геосаяси ахуал ушыққан жағдайда, осындай стратегиялық инфрақұрылым елдің бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етеді.
Аграрлық сектордағы сын да назардан тыс қалған жоқ. Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығындағы субсидияның тиімділігі төмен екенін ашық айтты. Президенттің пайымынша, агроөнеркәсіпті дамыту үшін, әсіресе мал шаруашылығының экспорттық әлеуетін арттыру мақсатында, масылдық психологиядан арылып, кооперативтік жүйеге бет бұру маңызды. 2035 жылға қарай әлемде мал етінің импорты 27 миллион тоннаға жетеді деген болжам бар. Осы кезеңде Қазақстан Азия нарығындағы негізгі ет экспорттаушы мемлекетке айналуы тиіс деген жоспар айтылды.
Туризм саласына қатысты Мемлекет басшысы ашық сынға барды. Президент аталған салаға жауапты адамдардың бойынан кәсібилік пен отансүйгіштік жетіспейтінін сынға алып, жалған экобелсенділік пен саланың ішкі бәсекесіндегі кемшіліктерді атап өтті. Туризм саласының ел экономикасы үшін ғана емес, мәдениет пен қауіпсіздік тұрғысынан да маңызды екенін жеткізді.
Реформалар кезеңі
Цифрландыру мен жасанды интеллектке келсек, 2026 жыл Қазақстан үшін «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жарияланғанын Президент тағы бір рет еске салды. Осы саладағы түбегейлі цифрлық өзгерістер мемлекетті басқарудан бастап, білім беру, денсаулық сақтау секілді барлық маңызды бағыттарға тың серпін береді. Тәуелсіздіктің 35 жылдығын ерекше атап өтуді емес, болашаққа бағдар жасайтын маңызды кезең ретінде қарастыру керектігін атап өтті.
Президенттің бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» акциясы жалғасын табады. Акцияның экологиялық маңызы ғана емес, оның рухани әрі идеологиялық салмағы да зор екенін атап өтті. 2025 жылы осы акция аясында еліміз бойынша 2,4 миллионға жуық көшет отырғызылған. Біріккен Ұлттар Ұйымы 2026 жылды Қазақстанның бастамасымен «Халықаралық еріктілер жылы» деп жариялады. Президент тазалық ұғымының терең философиялық мәніне тоқталып, оны ұлттық құндылыққа айналдыру қажеттігін айтты.
Сыртқа заңсыз шығарылған активтерді елге қайтару мәселесіне де ерекше тоқталды. Қазіргі уақытта олигополия өкілдерінен 1,3 триллион теңгеден астам қаржы өндіріліп, 1 триллионнан астам теңге мемлекет қазынасына қайтарылған. Арнайы қордағы осы қаржыға елімізде 482 миллиард теңгенің 434 әлеуметтік, инфрақұрылымдық жоба құрылысы жүріп жатыр. Павлодар, Арқалық, Балқаш әуежайлары да қайта жаңғыртылады.
Күдікке ілінген актив иелері қаржысын Қазақстанға инвестиция ретінде қайтаруға ниетті. Қазірдің өзінде жалпы құны 5 триллион теңгеден асатын келісімшарттар жасалды. Мұндай инвестициялар ел экономикасын дамытып, әлеуметтік маңызы зор жобаларды жүзеге асыруға жұмсалады. Соның ішінде туристік орталықтар, логистикалық нысандар, тау-кен, металлургия, энергетика секторлары мен әлеуметтік, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет пен спорт салалары бар. Әсіресе әлеуметтік осал топтарға көмек көрсету бағдарламаларына ерекше көңіл бөлінеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Turkistan» газетіне берген сұхбатының толық нұсқасын осы жерден оқи аласыздар.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

